100 жылқыны ұрлады деген айыппен істі болып, кейін ақталып шыққан 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновтің отбасына Ақтөбе қаласынан жаңа баспана сыйға тартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қуанышты хабарды мән-жайды зерттеу үшін Ақтөбеге барған журналист Руслан Өтепбай жеткізді.
СҮЙІНШІ, АҒАЙЫН!
Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады.
«Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім», – деп, Рахат ата көз жасына ерік берді.
Қиын сәтте қолдау көрсеткен кәсіпкерге Азамат Усимбеков және барша қазақ еліне Алла разы болсын!
Ал іске келер болсақ, заңгерлік жұмыстар басталып кетті. Қажетті арыздар дайындалып, құқықтық тұрғыда күрес жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұған дейін 33 жыл бойы адал еңбек етіп, мал баққан Рахат қария 100 жылқыға қатысты іс бойынша айыпталып, сот алдында жауап беруге мәжбүр болған еді. Алайда әділ сот оның кінәсіз екенін анықтап, толық ақтап шықты.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының 60 жастағы тұрғыны Рахат Сәрсеновтің даулы ісіне қатысты журналист Руслан Өтепбай арнайы зерттеу бастағанын хабарлаған болатын.