Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бізді көргенде көз жасына ерік берді»: Руслан Өтепбай Ақтөбедегі жылқышы ісіне қатысты мәлімдеме жасады

12:27, 04 тамыз 2026

Ақтөбе облысының 60 жастағы тұрғыны Рахат Сәрсеновтің даулы ісіне қатысты журналист Руслан Өтепбай арнайы зерттеу бастағанын хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz.

Рахат Сәрсенов 33 жыл бойы бір шаруашылықта табанды түрде жылқы баққан. Алайда оған «жылқы ұрлады» деген айып тағылып, бірінші сатыдағы сот шешімімен 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын. Үкім шыққан күні қария сот залынан бірден қамауға алынып, екі айдан астам уақыт бойы тергеу изоляторында отырды.

Кейіннен апелляциялық сот алғашқы үкімді қайта қарап, Рахат Сәрсеновті толықтай ақтап шықты әрі қамаудан босатты. Осы оқиғаның мән-жайын толық ашу мақсатында заңгермен бірге қарияның ауылына арнайы барған Руслан Өтепбай оның бүгінгі жай-күйімен танысты.

Бұл ретте зерттеу жүргізген журналист: «Рахат Сәрсенов бізді көрген бойда көз жасына ерік берді. Денсаулығы сыр берген. 2025 жылы инсульт алған екен. Осындай денсаулық жағдайымен екі ай екі күн изоляторда отырды. Ең ауыр тигені – «60 жасымды түрмеде қарсы алдым» деген сөзі болды. 33 жылын жылқы бағуға арнаған азаматқа тағылған айыптың қаншалықты негізді болғанын анықтау үшін журналистік зерттеуімізді бастадық», – деп мәлімдеді.

Рахат Сәрсенов – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан Сағашелі ауылының тұрғыны. Оған қатысты бірінші сатыдағы сот үкімі биыл 15 мамырда жарияланған еді. Кейін апелляциялық сот азаматты ақтап, бостандыққа шығарды.

Қарияның жақындарының сөзінше, арыз ол инсульт алып, ауыр халде жатқан сәтте рәсімделген. Олар денсаулық жағдайына байланысты ақсақалдың өз қолы қойылған құжаттардың мазмұнын толық түсіне алмағанын алға тартып отыр.

Сөзін қорытындылаған Руслан Өтепбай журналистік зерттеу аясында бұл даулы істің барлық егжей-тегжейі мен мән-жайы жан-жақты сарапқа салынатынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар