Қазақстанның құжаттық және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру жұмыстары сәтті жалғасуда, деп хабарлайды Alash.kz.
Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-ші отырысында еліміз үшін маңызды тарихи шешім қабылданды. Қазақстан ұсынған екі номинация ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіліміне енгізілді.
Қуанышты жаңалықты ҚР Вице-Президенті Ерлан Қарин өзінің Telegram-парақшасында хабарлады.
«Мемлекет басшысының Қазақстанның құжаттық және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне енгізу жөніндегі бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасуда. Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-ші отырысында Қазақстан ұсынған «Есік жазуы» (Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу) және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарға шыққан туындыларының топтамасы» деп аталатын екі номинациясын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» (MOWCAP) бағдарламасының өңірлік тізіліміне енгізу туралы шешім қабылданды», – деді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-сессиясында Қазақстанға қатысты тағы үш номинация қаралады.
«Сондай-ақ желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-ші сессиясы да маңызды оқиға болмақ. Аталған сессияда Қазақстанның қатысуымен әзірленген «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте» және «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу» атты көпұлтты номинацияларды, сондай-ақ «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі» атты Қазақстан номинациясын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданады. Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды беріп отыр. Осылайша, ЮНЕСКО тізімдері ұлтымыз бен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын жаңа қазақстандық номинациялармен толығуда», – деп жазды Вице-Президент.