Алаштанушы, әлихантанушы Сұлтан Хан Жүсіп Аққұлы кеңестік кезеңдегі ашаршылық пен қазақ халқының демографиялық шығыны туралы пікір білдірді, деп жазды Alash.kz.
Зерттеушінің айтуынша, қазақ даласында орын алған жаппай ашаршылыққа сол кезеңдегі Кеңес өкіметі мен Қазақстанды басқарған билік өкілдері жауапты. Оның пікірінше, республика басшылығында болған Филипп Голощекин, Ораз Исаев, Ізтай Құрамысов және басқа да лауазымды тұлғалар халықтың жаппай қырылып жатқанын біле тұра, апаттың алдын алу үшін жеткілікті шара қолданбаған.
Сұлтан Хан Жүсіп Аққұлының сөзінше, ашаршылық жылдары Кеңес Одағы ішкі дағдарысқа қарамастан астықты шетелге экспорттауды жалғастырған. Оның айтуынша, бұл саясат елдегі индустрияландыру бағдарламасын қаржыландыру мақсатында жүзеге асырылған.
Зерттеуші тарихи деректерге сүйене отырып, Қазақстанда, Ресейде және Украинада өндірілген астықтың бір бөлігі АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне сатылғанын атап өтті. Ал түскен қаражатқа өндірістік кәсіпорындар, зауыттар, комбинаттар мен электр станциялары сатып алынған.
Оның пікірінше, Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы экономикалық өсімі қарапайым халықтың тұрмысын ауырлатқан саясаттың нәтижесінде жүзеге асқан.
Айта кетейік, Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы ашаршылық мәселесі тарихшылар арасында кеңінен зерттеліп келеді. Әртүрлі ғылыми еңбектерде ашаршылықтың себептері мен оған жауапты тұлғалардың рөлі жөнінде түрлі көзқарастар айтылады.