Шымкентте қаңтар айында пышақ жарақатынан көз жұмған 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі 21 шілдеде басталады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың мәлімдеуінше, қылмыс жасады деп айыпталып отырған күдікті марқұм қызбен алдын ала таныс болған. Қорғаушы алдағы алғашқы отырыста істі судьяның жеке өзі немесе алқабилер соты қарайтындығы туралы негізгі мәселе шешілетінін айтты. Оған қоса, бұл жиында мемлекеттік айыптаушы, яғни прокурор анықталып, келесі сот отырысының нақты уақыты белгіленбек. Сонымен қатар алғашқы тыңдалым барысында сот процесінің форматы, атап айтқанда, отырыстардың ашық, жабық режимінде немесе онлайн трансляция арқылы өту мүмкіндігі де жан-жақты қарастырылады.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 2026 жылдың 11 қаңтарында кешкі уақытта Шымкент қаласында орын алған болатын. Нұрай өзі тұратын үйден шыққан сәтте оның соңынан белгісіз ер адам аңдып түскен. Бойжеткен қаскөйден қашып құтылуға әрекеттенгенімен, күдікті оны қуып жетіп, денесіне бірнеше рет пышақ сұққан. Алған ауыр жарақаттардың салдарынан бойжеткен ес жимастан оқиға орнында жан тапсырды.