Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Орыстілділер "не тебе решать, кому нужен твой казахский” деп қарсы шықты". Журналист орыстілді қазақтардың қазақ тіліне қарсы шығып жатқанын жазды

16:08, 18 шілде 2026

Әлеуметтік желіде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесіне қатысты пікірталас өрбіді. Журналист Назым Кенжебаева Threads платформасында жариялаған жазбасында орыс тілінде жазылған үндеуінің күтпеген реакция тудырғанын айтты, деп жазды Alash.kz.

Оның айтуынша, қазақ тілін күнделікті өмірде көбірек қолдану және мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету туралы ұсынысы орыстілді аудитория тарапынан қарсылыққа ұшыраған. Автор кейбір пікір қалдырушылардың «қай тілде сөйлейтінін өзі шешетінін» айтып, қазақ тілін насихаттауға қарсы пікір білдіргенін жазды.

Назым Кенжебаева мұндай пікірлердің басым бөлігін орыстілді қазақтар қалдырғанын атап өтіп, бұл жағдай қоғамдағы тілдік көзқарастың екі түрлі екенін көрсететінін айтты. Оның пікірінше, қазақтілді қолданушылар бастаманы қолдаса, орыстілді аудиторияның бір бөлігі оған өзгеше көзқарас танытқан.

Тақырыпқа қатысты қоғам белсендісі Сапарбай Жұбаев та пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру ең алдымен мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшыларынан басталуы тиіс.

«Министрліктер, әкімдіктер және мемлекеттік компаниялардағы басшыларға мемлекеттік тілді қолдану бойынша нақты талап қойылуы керек. Себебі олар мемлекет қаржысы есебінен қызмет атқарады. Ал қоғамда тілге деген қажеттілік осындай үлгі арқылы қалыптасады», – деді ол.

Әлеуметтік желідегі бұл пікірталас Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қолданысы мен тіл саясаты төңірегіндегі қоғамдық талқылаулардың өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар