Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бір гидроцикл екіншісінің үстіне шығып кеткен»: Алакөлде адам өлімі тіркелді

11:47, 19 шілде 2026

Алакөл көлінде демалыс үстінде екі гидроцикл соқтығысып, салдарынан бір адам көз жұмды, тағы бір азамат түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған осы оқиғаға қатысты ақпаратты Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады. ТЖД мәліметінше, қайғылы жағдай 17 шілде күні орын алған. Судағы қозғалыс кезінде бір гидроцикл екіншісінің үстіне шығып кеткен. Желі қолданушыларының нақтылауынша, апат кешкі сағат 21:00 шамасында, яғни судағы көрініс шектелген уақытта болған.

«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі өз құзыреттеріне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - деп хабарлады ТЖД өкілдері.

Сондай-ақ департамент мамандары шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларын пайдаланудың қолданыстағы ережелерін еске салды. Оған сәйкес, навигациялық сигналдары (оттары)мен жабдықталмаған жүзу құралдарымен тәуліктің қараңғы уақытында суға шығуға қатаң тыйым салынады.

Шомылу маусымы басталғалы бері құтқарушылар Алакөл көлінде күн сайын рейдтер жүргізіп келеді, ал 1 шілдеден бастап ТЖД шағын көлемді кемелерге арнайы бақылау ұйымдастырған.

«Су айдындарындағы қауіпсіздік және шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзғаны үшін департамент қызметкерлері 108 әкімшілік хаттама толтырды», - делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін, дәлірек айтқанда 13 шілдеде Алакөл көлінің жағалауында бір жасөспірім есінен танып қалған болатын. Оған сол маңда болған ЖҚЖБ (СОБР) қызметінің 28 жастағы сарбазы алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар