Астанада қызметтік міндетін атқару барысында сегіз метрлік биіктіктен құлап, ауыр жарақаттан есте сақтау қабілетінен айырыла бастаған электр маманы Қаныш Мадәлиевтің жақындары кінәлі деп танылған жұмыс беруші компанияның әлі күнге дейін емдеу шығындарын өтемей отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
33 жастағы Қаныш Мадәлиев 2025 жылдың наурыз айында жұмыс берушінің тікелей тапсырмасымен нысанның электр жүйесіне тексеру жүргізуге барған. Сол жерде жұмыс істеп жатқан сәтте ол сегіз метр биіктіктен төмен құлап, омыртқасы мен жауырынын сындырып алған, сонымен бірге оның миына да ауыр зақым келген. Қазіргі уақытта ер адам өздігінен өмір сүруге мүлдем қабілетсіз, ал туыстары оның есін жия алмай, денсаулық жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатқанын алға тартады.
Қаныштың туысы Гүлзира Қоқанова бұл жағдайдың отбасы үшін өте ауыр соққы болғанын айтып, былай деді:
«Қазіргі уақытта оған тұрақты түрде күтім қажет. Алайда жұмыс істеген мекемесі тарапынан ешқандай көмек көрсетілген жоқ».
Оның сөзінше, науқас түнде ұйықтамайды, дәретін ұстай алмайды және жалғыз сыртқа шықса, үйіне қайтар жолды таба алмай адасып кетеді.
Еңбек инспекциясы арнайы тексеру жүргізіп, бұл өндірістік жарақатқа жұмыс берушінің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы тікелей себеп болғанын нақты анықтады. Осыған байланысты мекемеге зардап шеккен қызметкердің емделуіне кеткен бүкіл шығынды өтеу және еңбекке жарамсыз болған кезеңі үшін тиісті төлемдерді жасау міндеттелген болатын.
Осы іске қатысты заңгер Ғалымжан Яхияев заң талаптарын түсіндіріп:
«Еңбек инспекциясының қорытындысына сәйкес мекеме барлық медициналық шығынды өтеп, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндетті. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай қаражат төленбеген», — деп мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, жұмыс беруші қызметкер толық сауығып, еңбекке қайта жарамды болғанға дейін оның медициналық шығындарын толық көтеріп, ай сайын тиісті төлем жасап отыруы шарт.
Бұл оқиға бойынша Астана қаласының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәйкес тергеу амалдарын жүргізгенін, алайда кейіннен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмағандықтан істің тоқтатылғанын хабарлады. Ал электр энергиясын таратумен айналысатын аталған компания орын алған жағдайға қатысты ешқандай ресми пікір білдірген жоқ.
Бүгінгі таңда ата-ана қамқорлығынсыз өскен Қаныш Мадәлиев Қызылорда қаласында ағасы мен жеңгесінің қолында тұрып жатыр. Жақындарының берген мәліметіне сүйенсек, ол алдағы уақытта арнайы психикалық денсаулық орталығында ем қабылдауды жалғастырады.