Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Украинаға қару-жарақ жеткізіп, түрлі қолдау көрсетіп отырған мемлекеттерге әскери жолмен жауап беру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қадыров өз мәлімдемесін Telegram-арнасында жариялады. Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путиннің бұйрығы берілген жағдайда, шешен жауынгерлері кез келген бағытқа аттануға дайын.
Шешенстан басшысы әскери іс-қимылды, ең алдымен, НАТО атауын жамылып, Украинаға ашық түрде қару-жарақ, барлау деректері және өзге де қолдау көрсетіп отырған елдерден бастау керек деп есептейді.
«Егер олар Ресейдің болып жатқан жағдайға қол қусырып қарап отырмайтынын әлі де түсінбесе, онда мұны енді сөзбен емес, басқа жолмен жеткізетін уақыт келді. Тротилдің иісін сезіп, Калашниковтың үнін және Т-90 танктерінің дүрсілін естігенде ғана бәрін түсінеді», – деп жазды Қадыров.
Сондай-ақ ол Ресей қазіргі уақытта азаматтық тұрғындар арасындағы шығынды барынша азайтуға бағытталған әскери іс-қимыл жүргізіп жатқанын айтты.
Қадыровтың пікірінше, егер Ресей өз әскери мүмкіндігін толық көлемде пайдаланса, онда Батыс елдерінің басшылары кешірім сұрауға мәжбүр болады.
Бұл мәлімдеме – Рамзан Қадыровтың жеке пікірі. Әзірге аталған сөздерге қатысты Ресей билігі немесе НАТО тарапынан ресми түсініктеме жарияланған жоқ.