Қазақстанның оқушылар құрамасы 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (IChO 2026) жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп, ел қоржынына бір алтын және үш күміс медаль салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Биылғы дүбірлі білім додасында әлемнің 90-нан астам мемлекетінен келген 350-ден астам дарынды оқушы өзара бақ сынасты. Халықаралық зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айзере Жеңісханова бас жүлдені иеленіп, алтын медальді жеңіп алды.
Сонымен қатар жоғары дайындық пен үздік нәтиже көрсеткен Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірті Әбілмансұр Қали, Алматы қаласындағы №134 лицейдің оқушысы Данил Полетаев және Астанадағы «Spectrum» халықаралық мектебінің тәрбиеленушісі Аңсар Жақсылықов олимпиаданың күміс жүлдегерлері атанды. Жауапты жарыста ел намысын абыроймен қорғап, көк байрақты биіктен желбіреткен жеңімпаздар мен олардың тәлімгерлеріне, сондай-ақ ата-аналарына жарқын табыстар мен жаңа белестерді бағындыру тілегі жолданды.