Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақтың балалары, ғалым, жазушы, ақын, педагог, философ болыңдар!». Бүгін айбоз азамат Мұстафа Өзтүріктің туған күні

16:49, 23 қараша 2024 108

Бүгін қазақтың батыры, мақтанышына айналған тұлға, халықаралық деңгейдегі журналист, ұлтының арқасүйері болған азамат Мұстафа Өзтүріктің туған күні, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Мұстафа Өзтүріктің көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. 

Журналист Серік Жанболатқа берген бір сұхбатында Мұстафа Өзтүрік:

«Ауылда жүрген кезде балалар жүгіріп келеді де, «мен Мұстафа Өзтүрік» боламын дейді. Мені кішкентай балалар жақсы көреді ғой. Оларға: «Сендер Мұстафа Өзтүрік болмаңдар! Ғалым, жазушы, ақын, педагог, философ болыңдар!» деймін. Мен ең оңай жолды таңдадым. Ашығын айтқанда, менікі қара күш қой. Чемпион болу - оңай, адам болу - қиын», - деген екен Мұстафа Өзтүрік.

Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман — 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Қайсары/Кайсери қаласына қарасты Кожажылда туылған. Ол — 1930 жылдары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтай аймағынан көшіп, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі. Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге құштар болып, дене бітімі және күш-қуаты күрес спорттарына икемді болған. 16 жасында Ыстамбұл қаласындағы мектепті аяқтап, арнайы жолдамамен Тайваньға оқуға аттанады. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап оқытатын арнайы жоба еді. 1975-1980 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді.

Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. 1980 жылдардың басында Мұстафа Өзтүрік тәрбиелеген, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды.

1990 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді. Сол жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға тәрбиелеу үшін Қазақстанға біржола қоныс аударып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады.

Мұстафа Өзтүріктің әкесі Түркия қазақтары арасында Кәбен аталып кеткен, азан шақырып қойған шын есімі Әбдірахман Төлебайұлы. Ол — кезінде Түркия ауған қазақтардың көшін бастаған же­тек­шілердің бірі болған. Қабен Түркия жеріне келгесін өзінің аға өзінің жауырыны жер иіскемейтін шеберлігімен көзге түседі. Түрік бауырлардың Кабен ағаға деген сыйластықтары артып, Өзтүрік атап кеткен.

Жарық етіп сөнген аз ғана ғұмырында ұлтқа, елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп кеткен Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ. 2000 жылы Алматы қаласында спортшының атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы таэквондо шеберінің 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 2014 жылы болса Қазақстанның елордасы Астана және мәдени астанасы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы және Қазақстан-Түркия достығы бірге тойланды. Бүгінге дейін ол туралы бірнеше деректі фильм де түсірілді.

Халқымыз қапияда көз жазып қалған батырдың есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар