Мемлекетке миллиард теңгеден астам шығын келтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазды Alash.kz.
Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген азаматты қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында елге қайтарды.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2023–2024 жылдары Алматы қаласында коммерциялық құрылымды басқара отырып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін жалған шот-фактуралар жазу схемасын ұйымдастырған.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке шамамен 1,3 млрд теңге көлемінде салық төленбеген.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың қыркүйегінде ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған қылмыс үшін заңнамада мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылдың сәуір айында бұл іске қатысы бар сыбайластардың бірі сот үкімімен бас бостандығынан айырылған болатын.