Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанда қолма-қол ақша алудың ережелері өзгереді: нені білу керек

14:29, 23 қыркүйек 2025 234

Ұлттық банк кәсіпкерлердің қолма-қол ақша алу тәртібін өзгертетін жаңа ережелерді әзірледі. Олар 2026 жылдың бірінші тоқсанында күшіне енеді. Бұл бизнеске де, қарапайым қазақстандықтарға да тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Не өзгереді?

  • Енді кәсіпкерлер тек белгіленген лимит көлемінде ғана қолма-қол ақша ала алады.

  • Егер одан көп қажет болса – ақша алудың мақсатын дәлелдеуі тиіс: келісімшарттар, шот-фактуралар, ведомостар немесе басқа құжаттар ұсыну керек.

Қалай жұмыс істейді?

  • Кәсіпкер банкке өтінім береді және құжаттарды қоса тіркейді.

  • Банк келесі күні деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) жолдайды.

  • МКК тәуекелді тексереді: ақша салықтан жалтару үшін алынбай ма?

  • Егер қауіп бар деп танылса – банк бас тартуға құқылы. Ал МКК үш жұмыс күні ішінде жауап бермесе – банк ақшаны беруге міндетті.

Бақылау қалай жүреді?

  • Банктер ай сайын 10 млн теңгеден асатын барлық қолма-қол алу операциялары туралы Ұлттық банкке есеп береді.

  • Ұлттық банк бұл деректерді МКК мен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жолдайды.

  • МКК түскен өтінімдер мен тексеріс қорытындылары бойынша есеп тапсырады.

Кәсіпкерлер үшін салдары:

  • Қосымша құжат жинау қажет болады.

  • «Қара» және «сұр» ақша айналымы қысқарады.

  • Тексеру кешіксе, кассалық алшақтық тәуекелі туындайды (мысалы, жалақы немесе жедел сатып алулар үшін).

Қазақстандықтарға әсері:

  • «Конверттегі жалақы» азаяды. Жұмыс берушілер ресми төлеуге мәжбүр болады.

  • Қолма-қолдан гөрі картаға аударым жиілейді.

  • Кей компаниялар айналып өтудің жолын іздеуі мүмкін, бұл жұмысшыларға да тәуекел әкеледі.

Мемлекет үшін:

  • Салық түсімі артады.

  • Ақша қозғалысына бақылау күшейеді.

Сатып алушылар үшін:

  • «Нал үшін жеңілдік» азаяды.

  • QR және картамен төлем жиілейді.

  • Чек арқылы тауарды қайтару немесе құқығын қорғау жеңілдейді.

Күнделікті тұрмысқа әсері:

  • Супермаркет пен дәмханаларда айтарлықтай өзгеріс болмайды, тек безнал әдетке айналады.

  • Базарда немесе жеке шеберлерде қолма-қол сирек қабылдануы мүмкін, бағалар аздап өсуі ықтимал.

Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа ережелер кәсіпкерлер үшін қолма-қол алуды қиындатады, көлеңкелі айналымды қысқартады және экономиканы ашық арнаға бағыттайды. Ал жұмысшылар үшін бұл – «конвертсіз жалақы», сатып алушылар үшін – көбірек безнал төлемі мен ресми чектер.

📢 Жаңалықпен бөлісіп отырыңыздар!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар