Қазақстанның барлық ауыл-аудан, аймақ-қалаларында биыл 3,9 млн бала мектепке барды, деп хабарлайды Alash.KZ Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
Жаңа оқу жылының басталуымен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтады.
Мемлекет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынғандары да бар. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады, - деді министр.
Бірінші сыныпқа 352 мың бала қабылданды. Ал 11 сыныпқа өткен 219 мың оқушы мектептегі оқуын аяқтайды.
Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз - ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс. Құрметті әріптестер, өз мамандықтарыңызға адалдықтарыңыз, ұрпақ ісіндегі жанкешті еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, оларға халқымыздың басты құндылықтарын сіңіріп келесіздер. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын, - деді министр Ғани Бейсембаев.
Алдағы оқу жылында 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.