Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақстан Газа секторына көмек беруге дайын ба?»: Ұлттық Экономика министрі жауабын айтты

21:12, 04 наурыз 2026

Қазақстан Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру үшін қолдау көрсетудің бірнеше бағытын қарастырып жатыр, деп жазады Alash.kz.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, Қазақстан бұл аймаққа қаржылай емес, заттай және кәсіби тұрғыда көмек беруді жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі Газаға бағытталатын қолдаудың нақты көлемі мен форматын пысықтауда. Министрдің түсіндіруінше, негізгі басымдық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, медициналық көмек көрсетуге және білім беру саласына беріледі. Сонымен қатар, палестиналық студенттерге қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу үшін арнайы гранттар бөлу мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Көмек көрсету бағыттары туралы Серік Жұманғарин:

«Біз дәрігерлерді жіберуге, студенттерге оқу гранттарын бөлуге және азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз. Көмектің көп бөлігі дәл осылай көрсетіледі. Бұл да тиісінше бағалануы мүмкін», – деп атап өтті.

БАҚ өкілдері Дональд Трамптың «Бейбітшілік кеңесі» аясында 7 миллиард доллар жиналғаны туралы мәлімдемесіне сілтеме жасап, Қазақстанның бұл қорға қосатын үлесі туралы сұраған болатын. Алайда министр бұл мәселенің әлі ресми деңгейде бекітілмегенін жеткізді.

Ол өз сөзінде:

«Бұл мәселелер әзірге үкімет деңгейінде қарастырылған жоқ», – деп қысқа қайырды. 

Бұл Қазақстанның әзірге халықаралық коалициялық қорлардан тыс, дербес гуманитарлық жобаларға басымдық беретінін аңғартады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар