«Қазақмыс» қызметтік үйлерді жұмыскерлердің меншігіне өткізді, деп хабарлайды Alash.kz
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өңірлердегі қызметкерлерін баспанамен қамтуға бағытталған әлеуметтік бағдарламасын жалғастырып, қызметтік тұрғын үйлерді жұмыскерлердің жеке меншігіне өткізді.
Бағдарламаның кезекті кезеңінде 13 пәтердің меншік құқығы рәсімделді. Оның 8-і Балқаш қаласында, ал 5-і Жезқазған өңірінде орналасқан. Бұл мүмкіндік қызметтік баспанада тұрып жатқан және әлеуметтік жағынан осал санатқа кіретін қызметкерлерге берілді.
Ерекше атап өтерлігі, пәтерді рәсімдеуге байланысты салықтар мен міндетті төлемдердің барлығын компания өз мойнына алған. Соның арқасында жұмыскерлер баспананы ешқандай қосымша қаржылық салмақсыз иеленіп отыр.
Компания мәліметінше, бұл бір реттік шара емес. Соңғы бірнеше жылда «Қазақмыс» өз қызметкерлеріне 90-нан астам пәтердің кілтін тапсырған. Ал биылғы екінші тоқсанда тағы 23 пәтерді жеңілдетілген шартпен сату, сондай-ақ Балқаштағы қызметтік үйлерді жұмыскерлерге беру жоспарланып отыр.
Осылайша, тұрғын үймен қамтамасыз ету «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлерді қолдауға, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған тұрақты саясатының маңызды бөлігіне айналып отыр.