Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қазіргі уақытта Қазақстан жастар ұлттық бокс құрамасын жаттықтыратын Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында әлем біріншілігіне басты үміткерлерді анықтау мақсатында өткен іріктеу спаррингтері жайлы тебірене жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тәжірибелі маманның айтуынша, дәл мұндай шешуші сындар тек спортшылар үшін емес, аға бапкер үшін де үлкен моральдық салмақ пен жүйкеге түсетін салмағы ауыр кезең саналады.
«Ойланып көріңізші: 38 бала. 38 үміт. 38 отбасы, бапкер, команда. Ал сол 38 баланың ішінен тек 10-ын ғана таңдау керек. Мұндайда қателесуге, көзіңді тайдыруға, біреуге іш тартуға, біреуді сырт қалдыруға арың жібермейді. Мұнда қиянатқа орын жоқ», — деп білдірді Бақыт Сәрсекбаев.
Ол өз сөзінде спорттық жолында дәл осындай қиын сәттерді бастан өткергенін, «неліктен мен таңдалмадым?» деген сансыз сұрақпен оңаша қалған кездері болғанын жасырмады. Бапкер шаршы алаңдағы әрбір кездесуде спортшының жеке дайындығы ғана емес, оның артында тұрған мамандардың айлар бойы төккен маңдай тері мен еңбегі де таразыға түсетінін меңзеді.
Сондай-ақ Олимпиада чемпионы бұл жолы жолы болмай, тізімге ілінбей қалған жас боксшыларға сабырлы болуға кеңес беріп, мұны спорттық мансаптың соңы емес, болашақ ірі жеңістерге ұмтылдыратын жаңа белес деп қабылдауға шақырды. Ал құрамаға таңдалып алынған 10 спортшыға артқан арттағы үміт пен жауапкершіліктің жүгі екі есе өсетінін ескертіп, былғары қолғап шеберлерін баптап жүрген барша жаттықтырушылар қауымына ризашылығын білдірді.