Әлеуметтік желілерде оқушыны соққыға жығу сәті бейнеленген видео тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға былтыр қазан айында Орал қаласында болған, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, ол өңірдегі №17 мектепте білім алады. Оқушыны қатарластары ұрып-соғып, болған жайтты видеоға түсіріп, кейін әлеуметтік желіде жариялаған.
Аталған бейнежазбаның таралуына байланысты полиция тексеру жүргізген. Полиция мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеріс жүргізіп, оқиғаның шынымен де өткен жылдың қазан айында болғанын анықтаған. Алайда бұл дерек бойынша полицияға ресми арыз түспеген.
Сонымен қатар жанжалға қатысқан барлық жасөспірімдер анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты тиісті материалдар жиналған.
Жиналған құжаттар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылық туралы уақтылы хабар берілмегені үшін білім бөліміне ұсыныс енгізілген.
Қазіргі уақытта зардап шеккен жасөспірімге қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Онымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары жұмыс істеуде. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.