Талғардағы трагедия қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. 16 жастағы Шерзат Полаттың аяусыз өлімі мен олардың үйінің белгісіз себеппен өртеніп кетуі барша халық үшін ауыр тиді.
Артынша ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың “өз-өзіне” қол жұмсауы қара жамылып, қайғыдан қан жұтқан отбасына бұдан асқан қорлық болмады. Осы орайда Alash.kz ұлттық порталы "STALKER" заңгерлік фирмасының директоры, кәсіби заңгер Алмабаев Әлібеу Оқапұлынан сұхбат алды.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы болған күні Талғарда шу шығып, Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов митинг ұйымдастырды деген жаламен 15 тәулікке қамалған еді.
Артынша оның қарындасы мен күйеу баласын да қамаққа алды.
-Шерзат Полаттың ісі жыл соңына дейін әділ шешім шығып, жабылады деді. Қалай ойлайсыз, 13 адамның барлығы тиісті жаза ала ма? Қанша жыл беруі мүмкін?
-Бұл қылмыстық іс бойынша біздің 13 отандасымыздың әрекеттері ауыр және аса ауыр қылмысты жасады деп сараланып отыр. Ал Қылмыстық кодекс бойынша ауыр қылмысты жасағаны үшін 3-7-12 жыл аралығындағы, аса ауыр қылмыс үшін 12 жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Менің болжауымша осы адамдардың бәріне қатысты айыптау үкімі шығуы мүмкін деп болжанады. Соның ішінде қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдететін мәнжайларды ескере отырып, ішінара бас бостандығын шектеу немесе шартты түрде бас бостандығынан айыру жазалары да қолданылуы мүмкін.
-Нұрқанат Ғайыпбаевтың суицид жасады дегені шындыққа жанаса ма? Жақындарына жазған хатты егер ол өзі жазбаған болса ол дәлелденуі мүмкін бе? Экспертиза қорытындысы өтірік алдауы мүмкін бе?
-Біздің елде бәрі мүмкін. Қазір ештеңеге таң қалмайтын заман болды.
Мен өз басым суицидтің болғанына күмәнім бар. Иә негізінде сот- қолтаңба сараптамамымен ол қол хатты жазған нақты Нұрқанат марқұмның өзі ме әлде басқа біреу ме, осы мәселені анықтау әбден мүмкін.
Дегенмен бұл істің неше түрлі қалтарысты болуына байланысты бәрі болуы мүмкін.
Егер тергеу амалдары мен сот тергеуі әділ болатын болса, бәрін дәлелдеп шығуға болады. Міне, осыған мен күмәнданбаймын.
-Қаржаубай Нұрымовты түрмеге тоғыту қаншалықты заңды яки адамгершілікке жатады? 25 миллион айыпбұл салынуы мүмкін деген ақпарат шықты. Заңгер ретінде айтсаңыз, бұл дұрыс шешім бе?
-Осы жағдаяттың өзі көп нәрсеге жауап беріп тұр.
Қаржаубайдың қамалуының өзі, бұл ішкі диверсия емес пе деген ой тудырады. Біржағынан жұртты тыныштандыру шарасы бар да, екінші жағынан халықтың ашынып көшеге шығып кетуіне провакация бар сияқты.
Меніңше кейбір жасырын ұйымдардың мүмкін күштердің мақсаты осы ушығып тұрған жағдайды пайдаланып, халықтың көтеріліп кеткені.
Ал енді Қаржаубайға 25 млн айыппұл салу дегеніміз барып тұрған әділетсіздік және сот төрелігі мен заңдылық принциптеріне жасалған опасыздық деп бағалаймын.
Алайда әзірге оны кесіп айта алмаймыз. Себебі бұл уақыт еншісіндегі ақиқат.
-Әпкесіне депортация жасап, елден шығару деген 3 ескертуден кейінгі жаза емес пе еді? Бірден бұндай қатаң шешімге не түрткі болды?
-Бұл да әділетсіздік. Бұл жағдайда заң үстемдігі емес керісінше “мен білемін, мен шешеміннің” кері келіп тұр.
Негізі ең қатаң жаза тек жазаны ауырлататын мәнжайдың болып, жазаны жеңілдететін мәнжай болмағанда және жасалған құқықбұзушылық шеттен шыққан немесе айуандық сияқты ауыр дәрежеде болғанда ғана қолданылуы мүмкін.
Ал нақты бұл жағдайға келетін болсақ ондай фактілер жоқ. Ендеше бұл қолданылған жаза шектен шығушылықтың көрінісі деп бағалаймын.
-Сұхбаттасқаныңызға рақмет!