Бүгін Алматыда Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына орай, парк қызметкерлері журналистерге арнап баспасөз отырысын өткізді. Басапсөз жиынына республикалық БАҚ өкілдерімен қатар, парк қызметкерлері де қатысты, деп жазады Alash.kz.

"Іле Алатауы" МҰТП бас директоры Елнұр Ахметовтің айтуынша, биыл парк аумағында 30 жылдыққа арналған 30 іс-шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ баспасөз жиынында парк қызметкерлері Ұлттық парк аумағында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айталық, үш онжылдық ішінде парк аумағы анағұрлым кеңейіп, «қызыл кітапқа» енген сирек жануарлар саны бірнеше есе көбейіп, бірнеше миллион түп ағаш отырғызылған, экологиялық туризм жаңа деңгейге көтерілген, жаңа туристік бағыттар ашылған.
Парк аумағы кеңейіп, ауқымы артқан
1996 жылы 164 450 гектар жермен құрылған парк бүгінде 200 160 гектарға дейін кеңейді. Яғни, ерекше қорғалатын табиғи аумақ 35 710 гектарға ұлғайды. Бұл – мемлекет тарапынан табиғатты қорғау ісіне берілген стратегиялық маңыздың айқын дәлелі.
Ұлттық парк құрылған күннен бері негізгі басымдықтар өзгерген жоқ:
• табиғи экожүйелерді сақтау;
• биоалуантүрлілікті қорғау;
• орман қорын қалпына келтіру;
• экологиялық туризмді дамыту.
5 миллион түп ағаш
Соңғы 30 жылда парк аумағында 1637 гектар жерге 5 010 000 түп ағаш көшеті егіліпті. Орманды қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қылқанжапырақты және жапырақты ағаш түрлерін өсіретін 7 тәлімбақ тұрақты жұмыс істейді.
Ағаш отырғызу шаралары таулы аймақтың табиғи тепе-теңдігін сақтауға және климаттық өзгерістердің әсерін азайтуға бағытталған игі амал.
«Қызыл кітапқа» енген және сирек жануарлар өсті
Отыз жылдың ішінде табиғатты қорғау жұмыстары нақты нәтиже берді. Бұған парк басшысы «Қызыл кітапқа» енген жануарлар санының айтарлықтай артуымен түсіндірді. Мәселен:
• Ілбіс (қар барысы) – 5–10 бастан бүгінгі күні 39 басқа жеткен;
• Тас сусары – 100-ден 493 басқа көбейген;
• Қоңыр аю – 15–20 бас болған, қазір 85 басқа артыпты;
• Бүркіт – бұрын 50 бас болған, қазір 97 түзқұсы бар.
«Қызыл кітапқа» енген жануарлар ішінде Қар барысының көбеюі – парк мамандарының кешенді еңбегінің нәтижесі деген жөн шығар. Бұрын жойылып кету қаупі жоғары саналатын бұл жыртқыштың саны бүгінде төрт есеге жуық артқан. Сонымен қатар, парк аумағында сирек жануарларға спутниктік қарғыбау орнату арқылы ғылыми бақылау жүргізілуде.
Ұлттық паркте сирек кездесетін өсімдіктерді жасанды ортада көбейтетін заманауи in-vitro зертханасы ашылған. Бұл – биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ғылыми жұмыстың жаңа кезеңі.
Ғылыми мониторинг, жануарларды есепке алу және экожүйелік зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі деген сөз.
Туризм түрленді
1996 жылы ұлттық паркке 27,4 мың адам келген болса, бүгінде бұл көрсеткіш 945,9 мың адамға жеткен. Яғни, келушілер саны 34,5 есеге артты деген сөз. Туристік маршруттар саны да айтарлықтай артты: бұрын парк аумағында 8 маршрут болса, бүгінде бұл 46-ға дейін көбейген.
Ең танымал бағыттар:
• Үлкен Алматы көлі;
• Бутаковка шатқалы;
• Аюсай визит-орталығы;
• Ой-Қарағай;
• Түрген сарқырамалары;
• Есік көлі;
• Қаскелең және Ақсай шатқалдары.
Елнұр Мұхаметжановтың айтуынша, алдағы үш жылда тағы 30 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр. Биыл Аққайың–Көкжайлау, Кузнецов сайы бағыттары мен Бұтақты визит-орталығында және Мәрмәр соқпағында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Ұлттық парк аумағында 94 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде мұнда:
• 3 шаңғы курорты;
• 5 визит-орталық;
• бірнеше заманауи демалыс нысаны жұмыс істейді.
Бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, тұрақты туризм қағидаларын енгізуге мүмкіндік беруде.
Таулы аймақтағы орман алқаптарын қорғау үшін өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілген.
• Өртке қарсы жолақтардың ұзындығы 2000 шақырымнан асады;
• 4 өрт сөндіру станциясы тәулік бойы жұмыс істейді;
• 41 маман арнайы қызмет атқарады.
Мерейтой аясында ұлттық парк аумағында 30 арнайы іс-шара өткізу жоспарланған туралы айттық. Олардың қатарында экологиялық акциялар, ғылыми конференциялар, туристік фестивальдер және ағаш отырғызу науқандары бар.