Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Құқығын қорғаймын! Үнсіз қалмауымыз керек»: Дильназ Ахмадиева өз ұстанымын ашық айтты (ВИДЕО)

15:19, 20 ақпан 2026

Әнші Дильназ Ахмадиева «Замандас» подкастына берген сұхбатында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарының құқықтарын қорғауға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп жазады Alash.kz. 

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде тараған, атап айтқанда, gulnara.blogger парақшасында жарияланған даулы пікірлерге жауап ретінде жасалды. Айта кетсек, блогер балалардың аутизм немесе балалардың сал ауруымен (ДЦП) дүниеге келуін ата-аналардың некеге дейінгі қарым-қатынастарымен және моральдық-этикалық нормаларды бұзуымен байланыстырып, қоғамда қызу талқы тудырған болатын.

Дильназ Ахмадиева мұндай пайымдаулармен үзілді-кесілді келіспейтінін және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде былай деді:

«Менің мақсатым - қандай да бір тұлғаны бас бостандығынан айыру емес. Десе де, өз перзентімнің, ерекше қажеттіліктері бар барлық балалардың мүддесін және олардың ата-аналарының құқықтарын қорғауды басты міндетім деп санаймын. Себебі қазіргі қоғамда қалыптасып жатқан көзқарастар мен түсініктер ертеңгі күні біздің балаларымыз өмір сүретін әлеуметтік ортаның негізін құрайды».

Сонымен қатар, өнер иесі ерекше балалары бар ата-аналардың қоғам тарапынан жиі психологиялық қысым мен түсінбеушілікке тап болатынына назар аударды. Оның пікірінше, негізсіз мәлімдемелер әлеуметтік стигманы тереңдетіп, жалған түсініктердің бекуіне ықпал етеді.

Әнші бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп:

«Біздің қатарымыз айтарлықтай көп, ерекше қажеттілігі бар балаларды өсіріп отырған отбасылардың саны аз емес. Сол себепті, жеке басының танымалдылығын арттыру мақсатында айтылған жаңсақ пікірлерге бейжай қарап, үнсіз қалуға құқығымыз жоқ», - деп түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар