Алматы облысында көршісінің иелігіндегі алты ит 52 жастағы әйелге шабуыл жасап, денсаулығына елеулі зақым келтірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға жәбірленуші жұмыстан қайтып бара жатқан уақытта орын алған. Ашулы жануарларды кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар қуып жіберіп, дереу медициналық көмек шақыртқан.
Дәрігерлер зардап шеккен Ольга Короченконың денесінде, атап айтқанда басы, беті мен аяқ-қолында көптеген жыртылған жарақаттар барын анықтады. Травматолог-ортопед Әсет Есқұлов науқастың клиникалық жағдайына қатысты мынадай мәлімет берді:
«Пациент басының, бетінің, екі қолы мен аяғының көптеген жарақаттарымен түсті. Түскен бойда жараларға алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Қазіргі таңда хаттама бойынша ем қабылдап жатыр, жағдайы орташа ауыр».
Тұрғындардың шағымы бойынша, ит иесі өз ауласында 30-ға жуық жануар ұстаған және олар елді мекенде еркін жүріп, қауіп төндірген. Оқиға куәгері Екатерина Андропова ит иесіне бұған дейін де бірнеше рет ескерту жасалғанын айтады. Оның сөзінше, иесі бұл ескертулерге:
«Сіздер ештеңе істей алмайсыздар. Ештеңені дәлелдей алмайсыздар», - деп жауап берген.
Жергілікті билік өкілдері ветеринарлық қызметтің кеш әрекет еткенін растады. Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Ибатжан бұл жағдайды былай түсіндірді:
«Бұған дейін тұрғындар учаскелік инспекторға арыз түсірген. Бірақ біздің ветеринарлық инспекторлар келмеді. Өйткені ветеринарлық бөлім өз жұмысын тек дүйсенбіде бастады. Оқиғадан кейін біз жергілікті жерге барып, таңға дейін иттерді іздедік. 20-дан астам итті арнайы панажайға жібердік».
Аталған дерек бойынша Алматы облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Департаменттің ресми өкілі Ернар Сайдильдин:
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады. Ит иесіне қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыппұл салынды. Қазіргі уақытта жәбірленушіге ұзақ мерзімді оңалту шаралары қажет.