Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Барымды салдым. Кешірім өтінемін...". Шорт-тректен қысқы олимпиадаға қатысқан спортшы қазақстандықтарға арнап мәлімдеме жасады

17:15, 20 ақпан 2026

Италияның Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы 500 метрге шорт-трек бәсекесі аяқталды. Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев өзінің негізгі қашықтығында өнер көрсеткенімен, жарысты ширек финал кезеңінде аяқтады, деп хабарлайды Alash.kz. 

Сайыстан кейін спортшы бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдіріп, жарыс барысына тоқталды.

«Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бәсеке өте жоғары болды. Стартта екінші жолақтан шықтым. Жарыс барысында да екінші болып келдім, жартылай финалға екі спортшы өтетіндіктен, сол орнымды сақтауды көздедім. Алайда алдымдағы нидерландтық спортшының қарқыны өте жоғары болды, оны басып озуға жылдамдығым жетпеді», – деді Әжіғалиев.

Оның айтуынша, шешуші сәт италиялық спортшымен болған эпизодқа байланысты өрбіген. Жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған қарсылас бірнеше мәрте озуға ұмтылған.

«Артымнан үш спортшы қуды. Соның бірі – жанкүйерлер ерекше қолдаған италиялық атлет. Ол барынша алға шығуға тырысты. Мен оны бөгеп үлгермедім. Бір сәтте ол итергендей көрініс жасап, төрешілер шешімімен келесі кезеңге өтуге мүмкіндік туа ма деп те ойладым. Бірақ бұл тактика іске аспады», – деді спортшы.

Абзал Әжіғалиев нәтижеге көңілі толмайтынын жасырмады әрі жанкүйерлерге алғыс айтты.

«Әрине, көңілім түсіп тұр. Қазір көптеген қазақстандықтар ұйықтамай, жарысты қарап, медаль күтіп отырғанын білемін. Баршаңызға көп рақмет. Бұл менің төртінші Олимпиадам, бірақ дәл мұндай қолдауды алғаш рет сезіндім. Елден жеткен сенім маған зор жігер берді. Бүгін ел намысын арқалап, барымды салдым», – деді ол.

Сөз соңында спортшы қазақстандықтардан кешірім сұрады.

«Барша жанкүйерлерден кешірім өтінемін. Барымды салдым, алайда бүгінгі нәтиже осындай болды», – деп түйіндеді Әжіғалиев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар