Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақстандағы жер сілкіністеріне Қытайдың қатысы бар болуы мүмкін". АҚШ мемлекеттік департаменті шұғыл мәлімдеме жасады

15:59, 20 ақпан 2026

АҚШ Мемлекеттік департаменті көмекші хатшысының орынбасары Кристофер Йеоу 2020 жылғы 22 маусымда Қазақстан аумағында тіркелген жер сілкінісі Қытайдың жерасты ядролық сынағына байланысты болуы мүмкін деген пікір айтты. Бұл туралы Alash.kz хабарлады. 

18 ақпанда Вашингтондағы Hudson Institute алаңында өткен жиында сөз сөйлеген Йеоудың айтуынша, сол күні тіркелген сейсмикалық дүмпу табиғи құбылысқа ұқсамайды. Ол магнитудасы 2,75 балдық тербеліс Қытайдың Лобнор сынақ полигонынан шамамен 750 шақырым қашықтықта болғанын атап өтті. Йеоу бұл жағдайды жерасты ядролық жарылысының салдары деп бағалап, «бұл жер сілкінісіне тән белгі емес, керісінше ядролық сынақ кезінде байқалатын құбылыс» деді.

Кристофер Йеоу — бұрын барлау саласында қызмет еткен, ядролық инженерия бойынша докторлық дәрежесі бар маман. Оның сөзінше, Бейжің жарылысты бүркемелеу үшін құрылғыны жер астындағы үлкен қуыс ішінде іске қосуға тырысқан болуы ықтимал. Мұндай тәсіл сейсмикалық толқындарды әлсіретіп, анықтауды қиындатады.

Алайда Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы бұл мәлімдемені растайтын нақты айғақтар жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Ұйым толыққанды жұмыс істеп, шарт күшіне енген жағдайда, жаһандық деңгейде ядролық жарылыстардың болмауын бақылауды көздейді.

Ал Қытайдың Вашингтондағы елшілігі Йеоудың сөзін «негізсіз айыптау» деп бағалап, АҚШ-ты ядролық сынақтарды қайта жандандыруға сылтау іздеп отыр деп айыптады. Елшілік өкілі Лю Пэнъюйдің мәлімдеуінше, мұндай ұстаным халықаралық ядролық қарусыздану үдерісіне нұқсан келтіреді. Қытай тарапы АҚШ-ты ядролық сынақтарға мораторийді сақтауға және жаһандық қарусыздану бастамаларын қолдауға шақырды.

Бұл мәлімдемелер АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды Вашингтон мен Мәскеумен бірге жаңа стратегиялық келіссөздерге қатысуға үндеп жатқан кезеңде жария болды. Бұған дейін АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық ядролық қаруды шектейтін New START келісімінің мерзімі аяқталған еді. Сарапшылар келісімнің тоқтауы жаһандық ядролық бәсекенің күшеюіне алып келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

 
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар