Түркістан облысында бюджет қаражатын жымқырған білім саласының бір топ қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ауқымды қаржылық қылмыс жасады деп айыпталған 14 адам бас бостандығынан айырылды.
Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшылық құрамы мен өзге де қызметкерлері өзара сөз байласып, өңірдегі 49 мектепке тиесілі қаражатты заңсыз иемденген. Қылмыстық схема аясында бухгалтерлер электронды жүйелерге жалған мәліметтер енгізу және іс жүзінде жұмыс істемейтін тұлғаларды тіркеу арқылы мемлекет қаржысын жымқырып отырған.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 583 млн теңгеден асты. Дегенмен тергеу амалдары жүріп жатқан кезеңде күдіктілер келтірілген материалдық залалды толықтай өтеген.
Сот шешімімен 14 айыпталушы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар іске қатысы бар тағы 4 адамға қатысты өндіріс рақымшылық жариялануына байланысты тоқтатылды.