Белгілі журналист Сәния Тойкен әлеуметтік желідегі парақшасында түрмеде отырған марафоншы Марат Жыланбаевтың қызы Анельдің видеоүндеуін жариялап, шұғыл көмек қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Журналистің жазуынша, 4 қаңтарда наразылық ретінде аштық жариялаған Марат Жыланбаев ең қатаң тәртіптегі камераға – СУС-қа ауыстырылған. Бұл жөнінде колония басшылығы спортшының отбасына хабар берген.
Туыстарының айтуынша, олар 25 ақпанда Жыланбаевпен ұзақ мерзімді кездесуге дайындалып жатқан. Алайда жылына бір-екі рет қана берілетін кездесудің алдында мекеме басшысы жүздесудің болмайтынын ескерткен. Соның салдарынан жақындары Мараттың қазіргі жағдайы мен денсаулығы туралы нақты ақпарат ала алмай отыр.
Сондай-ақ қаңтар айынан бері оған адвокаты да жіберілмегені айтылды. Ресми себеп ретінде «сотталған адам өзі өтініш білдіруі тиіс» деген уәж келтірілген. Алайда туыстары Жыланбаев мұндай өтінішті бірнеше мәрте жазғанын алға тартады.
Сәния Тойкеннің мәліметінше, Марат Жыланбаев соңғы рет 5 ақпанда жақындарымен кездескен. Сол кезде ол өзіне қысым күшейгенін, мекеменің жаңа басшысы Қуаныш Медвеев «СУС-қа ауыстырып, жаза мерзімін ұзарта аламын» деп ескерту жасағанын жеткізген.
Журналист жариялаған видеода Анель Жыланбаева әкесінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, қоғамнан көмек сұрайды.