Петропавл қаласында үшінші қабаттың терезесінен секірген 18 жастағы мектеп оқушысының денсаулық жағдайы ауыр деп бағалануда, деп хабарлайды Alash.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Облыстық ауруханаға жеткізілген бозбаланың бел омыртқасы мен өкше сүйектері зақымданған.
Оқиғадан кейін зардап шегуші бірден жансақтау бөліміне жатқызылған болатын. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалып, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандар оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерттеуде.
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева науқастың қазіргі ахуалына қатысты мынадай мәлімет берді:
«Науқас травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы әлі де тұрақты ауыр, бірақ өздігінен тыныс алады. Нақты бір болжам жасауға әлі ерте. Егер денсаулығы жақсарса, амбулаторлық емге жіберілуі мүмкін».
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы тұрақталғанымен, толық сауығу мерзіміне қатысты алдын ала болжам жасау әзірге мүмкін емес.