Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы бағыты белгісіз Boeing 787-8 Dreamliner ұшағының ұшып өтуі түрлі күдікті болжамдар тудырды, деп жазады Alash.kz.
Әуе кемесі АҚШ президентінің ресми ұшақтары орналасатын Эндрюс әуе базасынан аттанған. Flightradar мониторинг қызметінің деректерінде ұшақтың нақты бару нүктесі көрсетілмегенімен, оның әскери немесе мемлекеттік мақсаттағы рейс екені белгілі болды.
Әуе кемесінің ұшу траекториясы Гренландия арқылы өтіп, Ресей Федерациясының Мурманск облысы тұсынан оның әуе кеңістігіне кірген. Содан кейін Қазақстан аумағындағы Ақтөбе қаласының маңында тіркеліп, оңтүстікке қарай бағыт алып, Ташкентке бет алған.
Кейінірек анықталғандай, аталған борт Өзбекстан Республикасы Президентінің меншігіне тиесілі болып шықты. Мемлекет басшысы бұл ұшақпен «Бейбітшілік кеңесі» саммитінен елге оралып келе жатқан.