Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Адам өліміне себепші болған»: Орал қаласында көлік ұрлығын жасаған күдіктіге қатысты тың дерек шықты

17:03, 20 ақпан 2026

Орал қаласында адам өліміне әкеп соққан көлік ұрлығы мен жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған азаматқа қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға өткен жылдың 1 қыркүйегінде орын алған. Қала тұрғыны, 21 жастағы Бағдат Картов түнгі сағат 22:00 шамасында қаланың ескі бөлігіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрған Renault Logan маркалы автокөлігін заңсыз иемденіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында аталған көлікті байқап, жүргізушіге тоқтау туралы талап қойғанымен, ол бағынбай, жоғары жылдамдықпен қаша жөнелген.

Қуғын барысында Назарбаев даңғылы мен Карев көшесінің қиылысына жеткенде, айдап әкетілген көліктің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп кеткен. Соның салдарынан қиылыста рұқсат етілген жасыл түске қозғалған Lada Granta автокөлігімен соқтығысқан. Соққы күшінен Granta көлігі өзге бағытта тоқтап тұрған Lada Largus көлігіне барып соғылған.

Жол апаты салдарынан Lada Granta жүргізушісі ауыр дене жарақаттарын алып, медициналық мекемеге бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінің ішінде қайтыс болды. Марқұмның артында кәмелетке толмаған балалары мен жары қалды. Күдіктінің өзі де түрлі дәрежедегі жарақаттар алып, ауруханада күзет астында ем қабылдаған болатын.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша Бағдат Картов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің көлік құралын заңсыз иемдену және абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу баптары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 2,5 жыл мерзімге қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеу туралы үкім кесіліп, қосымша 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот азаматтық талап арыздарды қанағаттандырып, сотталған азаматтан көлік иесіне 2,6 млн теңге материалдық шығын, ал қаза тапқан азаматтың туыстарына 9,6 млн теңге материалдық және 5 млн теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды. Сотталушы тағылған айыптарды толықтай мойындады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар