Түркістан қаласында отбасылық жанжалдың соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Ер адам әйеліне пышақ сұғып, кейін өз өмірлік қоштасу әрекетіне барған. Оқиғаны ең алғаш болып ерлі-зайыптылардың кенже ұлы көрген, деп хабарлайды Alash.kz.
Көршілердің айтуынша, үйдің кенже ұлы анасының айғайлаған дауысынан оянып, бөлмеге кіргенде анасының ауыр жарақат алғанын көреді. Бойжеткен бірден жедел жәрдем шақырғанымен, 54 жастағы әйел алған жарақаттарынан аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Марқұмның көршісі Гүлнар Сапарова оқиғаның мән-жайы туралы айтып берді.
«Кішкентай баласы: «Апа, мен кешігіп қалдым» дейді. Өзі ұйықтап жатқан екен. «Мамамның даусын естіп шықсам, қан атқылап жатыр» дейді», — деді Гүлнар Сапарова.
Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 25 жыл толған және олар төрт бала тәрбиелеп өсірген. Өмір бойы үй шаруасымен айналысқан марқұмның күйеуі өзінен 13 жас үлкен әрі бұл оның екінші некесі болған. Көршілері аталған отбасының бұған дейін сырт көзге өте тату көрінгенін, ешқандай келеңсіздік байқалмағанын жеткізді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжал кезінде ер адам әйеліне пышақ жарақатын келтіріп, содан соң өз денесіне де пышақ сұққан. Қазіргі уақытта ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиға бойынша тергеу амалдарын бастады.