Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке қайтарған, Есентай өзенінің бойында орналасқан аяқталмаған қонақүй ғимаратының болашақ тағдыры белгілі болды. Бұрын қонақүй ретінде жоспарланған нысан енді жасанды интеллект пен технологиялық бизнеске арналған ірі алаңға айналуы мүмкін, деп жазады Alash.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, ғимараттың негізінде Almaty AI Hub жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
Әкімдік жобаның негізгі мақсаты Алматыдағы IT және жасанды интеллект саласының мамандары мен компанияларына қажетті инфрақұрылым қалыптастыру екенін атап өтті.
Жалпы аумағы 9,4 мың шаршы метрден асатын ғимарат қайта жабдықталып, шамамен 556 адамға арналған көпфункционалды технологиялық кеңістікке айналады.
Мұнда:
-
IT және AI компанияларына арналған кеңселер;
-
стартаптар мен әзірлеушілерге арналған жұмыс орындары;
-
коворкингтер;
-
білім беру алаңдары;
-
конференция залдары;
-
іс-шаралар өткізуге арналған event-кеңістіктер орналасады.
Жоба аясында жасанды интеллект мектебі мен AI Campus инфрақұрылымы да қарастырылған.
Сонымен бірге, робототехника бағытына ерекше көңіл бөлінбек. Ғимаратта роботтарды таныстыруға арналған демонстрациялық алаңдар, сондай-ақ оларды зерттеу, оқыту және әзірлеуге мүмкіндік беретін арнайы кеңістіктер пайда болады.
Яғни бұрын қонақүй ретінде пайдаланылуы тиіс болған ғимараттың функционалы түбегейлі өзгеріп, технологиялық компаниялар мен мамандар шоғырланатын орталыққа айналмақ.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметіне сәйкес, ғимараттағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың бірінші немесе екінші тоқсанына жоспарланған.
AI Hub-пен қатар Алматыда бұдан да ауқымды Almaty AI Park жобасы жүзеге асырылмақ.
Жаңа технологиялық парк үшін шамамен 4,9 гектар жер қарастырылған. Алдын ала жоспар бойынша, ол Құлжа тасжолындағы «Шығыс қақпасы» аумағында орналасады.
Кешеннің жалпы алаңы шамамен 76 мың шаршы метр болады.
Мұнда жасанды интеллект және басқа да технологиялар саласында зерттеу жүргізетін R&D орталықтары мен зертханалар, технологиялық компанияларға арналған кеңселер, коворкингтер, бизнес-инкубатор және акселератор орналасады.
Бұдан бөлек, парк аумағында білім беру және түрлі технологиялық іс-шараларға арналған инфрақұрылым қарастырылған. Технологиялық кластердің ішінде мамандар даярлайтын университет ашу да жоспарға енгізілген.
Almaty AI Park тек ірі компанияларға арналған алаң болмайды. Әкімдік жас технологиялық жобаларды дамытуға да жағдай жасалатынын мәлімдеді.
Атап айтқанда, стартап командалары бірлесіп жұмыс істеп, өз жобаларын таныстырып, инвесторлар мен сарапшылар алдында питч-сессиялар өткізе алатын арнайы орындар құрылады.
Ал R&D зертханалары жаңа технологиялық өнімдерді әзірлеп, тәжірибеден өткізуге арналған база ретінде пайдаланылмақ.
Жобаны екі кезеңмен іске асыру көзделген. Бірінші кезеңді 2027 жылдың желтоқсанында, екінші кезеңді 2028 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Нысан мемлекетке қалай өтті?
Бұған дейін Есентай өзенінің жағасында орналасқан аяқталмаған қонақүй ғимараты Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған.
2023 жылғы қыркүйекте нысан мемлекет меншігіне өтіп, Алматы қаласы бойынша сот әкімшілігі департаментінің теңгеріміне берілген.
Ал 2026 жылғы 7 сәуірде қонақүй ғимараты мен оған тиесілі жер телімі Алматының коммуналдық меншігіне өтті. Кейін жылжымайтын мүлік «Алматы» ӘКК» АҚ-ның балансына қабылданды.
Енді бұрынғы қонақүй ғимаратының жаңа функциясы мүлде басқа болмақ: нысан Алматының жасанды интеллект, IT және технологиялық кәсіпкерлік экожүйесінің бір бөлігіне айналуы жоспарланып отыр.