Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Президент Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан спортшыларына Мемлекеттік туды тапсырды

13:24, 10 шілде 2024 394

Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашанда бейілді екеніне назар аударды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

– Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.

Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Іс-шарада бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова, дзюдодан Олимпиада ойындарының жүлдегері Елдос Сметов сөз сөйледі.

Орайы келгенде айта кетейік,

XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Франция, Париж қаласы, 2017 жылдың 13 қыркүйегінде Перудің Лима қаласында өткен ХОК-тің 130-шы сессиясында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қабылдаушы қаласы болып бірауыздан сайланды.

Айта кету керек, бұрын 1900 және 1924 жылдары Олимпиада ойындарын өткізген Париж Ұлыбритания астанасы Лондоннан (1908, 1948 және 2012) кейін үш рет Олимпиада ойындарын өткізген екінші қала болады.

Сондай-ақ, 2024 жыл Париж-1924 ойындарының жүз жылдығымен, сонымен қатар Франция өткізген алтыншы Олимпиада ойындарымен атап өтіледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар