Жаһандық дағдарыстар мен технологиялық серпіліс бір мезгілде жүріп жатқан кезде Қазақстан терең институционалдық қайта құру кезеңіне аяқ басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформа жаңа мемлекеттілік моделінің іргетасын қалады. Бұл модельде интеллектуалдық капитал ұлттық байлықтың басты көзі ретінде танылады.
Конституциялық кепілдіктер — бұл тек қағаз бетіндегі сөз бе, әлде ғылым мен білім шынымен нарыққа шығып жатыр ма? Бұл сұрақтарды тікелей тәжірибе жүзінде білетін адамға қоюды жөн көрдік.
«Ғылым қоры» АҚ Технологияларды коммерциализациялау департаментінің директоры, Жанбота Қарашолақов мырзамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Жаңартылған Конституцияның білім мен ғылымға берген кепілдіктері
- Жанбота мырза, Конституцияға білім мен ғылым туралы нормалар енгізілді. Бірақ кейбір азааматтар «бұл тек декларация» деп те жатыр. Шынымен де Атазаңымызға мұндай құқықтық нормалардың енуі ненің нышаны деп ойлайсыз?
- Мәселенің түпкі себебі, бұл ел дамуының парадигмасы өзгеріп жатқаны. Білім беру мен ғылым туралы кеңейтілген нормаларды Конституцияға, оның ішінде 23-баптың жаңа редакциясына кіргізу, бұл шикізатқа тәуелді экономикадан «білім экономикасына» көшудің бағдарлама алды мәлімдемесі. Мемлекет XXI ғасырда егемендік пен бәсекелестік ресурс көлемімен емес, адам капиталының сапасымен өлшенетінін ашық мойындап отыр деуге болады.
Қолжетімді әрі сапалы білім алу құқығын конституциялық деңгейде бекіту, бұл дегеніңіз мысалы бюджетті ұйымдастыру мен салалық бағдарлама әзірлеу кезінде аттап өте алмайтын қатаң шеңбер. «Әділетті Қазақстанның» моделінде білім - әлеуметтік ұтқырлықтың басты көпірі. Шалғай ауылдың дарынды баласы мен мегаполистегі балалармен бірдей мүмкіндік алуы тиіс. Мұнда гуманизм ғана емес, прагматика да бар: инновациялық серпіліс үшін бүкіл халықтың интеллектуалды әлеуетін жұмылдыру керек.
Менің ойымша жоқ, бұл декларация емес, заңдық, құқықтық қалқан. Ғылым мен білімді Конституцияда бекіту оларды «қажет болса қысқартамыз» деген санаттан «ұлттық тіршілік факторы» санатына ауыстырды. Ешбір шенеунік ендігі жерде осы құқықты аттап немесе назардан тыс қалдыра алмайды, себебі негізгі тірек Атазаңымыз мұны рұқсат етпейді.
- Ал енді осы Конституциялық нормалар ғалымдар қауымдастығы үшін қандай жаңа мүмкіндік ашады?
- 2024 жылдың 1 шілдесіндегі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң - осы конституциялық қағидалардың нақты тілге аударылуы деп қарастыруға болады. Конституция ғылыми шығармашылық бостандығы мен ғылымның экономикамен тығыз байланысын жариялайды, ал заң нақты құралдарды белгілейді: ғылыми-білім беру консорциумдарын құру, ғылыми қажеттіліктер үшін сатып алуды жеңілдету, коммерциализациялау гранттарын жетілдіру және дамыту.
Интеллектуалдық меншікті қорғау нормасына тоқталайын. Конституцияның жаңа нұсқасында интеллектуалдық меншіктің заңмен қорғалатыны нақты жазылған - бұл жоғары технологиялар нарығы үшін іргетас. Ғалым енді «бюджеттік қызметкер» ретінде емес, коммерциализациялау орталықтары арқылы өз жұмысынан табыс таба алатын субъект ретінде қаралады.
- Президент Тоқаев қызметке кіріскеннен бері ғылымға ерекше мән беріп келеді. Неге бұл сала мемлекет басшысының жеке басымдығына айналды?
- Себебі жаһандық нарықтардың бөлшектенуі жағдайында «ғылыми-технологиялық егемендік» мәселесі барлық әлем мемлекеттері үшін күн тәрібіндегі тақырып. Өз ғылыми базасы болмаса, ел мәңгілікке технологиялық тәуелділікте қала береді, Президент бұны анық түсінеді.
Осы бағытта ғылымды басқару жүйесі қайта құрылды: Үкімет жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссия жұмыс бастады, Ұлттық ғылым академиясы ҚР Президенті жанындағы жоғары ғылыми ұйым мәртебесін алды. Бұл стратегиялық жоспарлауды орталықтандырып, ресурстарды басым бағыттарға - IT, жасанды интеллект, биотехнология, агроғылым салаларына бағыттауға мүмкіндік берді. Ғылымды қолдау жалпы экономикалық жаңғырту стратегиясына кіріктірілді, университет ғылымының «үшінші миссиясы» аймақтардың даму драйвері ретінде белсенді жұмыс атқаруда.
Мысалы прагматизмнің нақты белгісі, 2024 жылдан бастап қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ғылым тек мақала жазу құралы емес, нарыққа шығып, табыс табуы тиіс. Мәселен еліміздегі осы саладағы жетекші оператор «Ғылым қоры» АҚ-ның жаңартылған конкурстық тетіктері осы ұстанымның тікелей көрінісі. Бизнестің міндетті қатысуы, нарықтық нәтижеге жауапкершілік, технологиялық дайындық деңгейіне қатаң талаптар ғылымының тек қағаз бетінде қалмауының айқын белгілері.
- Ғылымға бөлініп жатқан қаржының 0,16% пен мақсатты 1% арасында алты есе алшақтық бар. Бұл реалистік мақсат па, әлде «қағаз жүзіндегі» амбиция ма? Тек ақша көбейді ме, тетік те басқа болды ма?
- Алшақтық иә бар, бірақ серпіннің болып жатқаны рас. ҒЗТКЖ-ге ішкі шығындар 2023 жылы 42%-ға, 2024 жылы 27,3%-ға өсті - ЭЫДҰ елдерінде орташа жылдық өсім 5% шамасында, яғни Қазақстан елеулі қарқынмен жүгіріп келеді. Әзірге ЖІӨ-дегі үлесі 0,14 - 0,16% - Оңтүстік Кореяның 4,9%-ымен немесе Израильдің 5,4%-ымен салыстырғанда аз, бірақ 2027 жылға 1%-ға жету мақсаты - алты есе ұлғайту бюджет жоспарына тікелей жазылған.
Нақты сандарға қарасақ: 2024–2026 жылдарға ғылымға жалпы бюджет - 703,6 млрд теңге. Оның ішінде гранттық қаржыландыру - 213,2 млрд, базалық - 29,4 млрд, бағдарламалық-мақсатты - 211 млрд теңге. Коммерциализациялауға арнайы 67,9 млрд теңге бөлінді. Сапалық жағынан ең маңызды өзгеріс, ол құралдардың әртараптандырылуы. Классикалық гранттардан бөлек, коммерциализациялау, венчурлық қаржыландыру, бизнес-акселерация тетіктері пайда болды.
Мысалы «Ғылым қорының» 2025 жылғы нәтижелері де елеулі: коммерциализациялау жобалары бойынша ғылыми-техникалық дамуға қосқан жалпы үлес - 33 млрд теңгені құрап отыр. Өнім сатылымы - 15,9 млрд, бюджетке салық - 2,5 млрд, негізгі құралдар - 6,6 млрд теңге. Жеке қоса қаржыландыру 8 млрд теңге, бұл грант көлемінің 49,4%-ы. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік грантқа жеке сектордың 30%-дан астам қатысуы табысты деп бағаланады, ал біздікі 50%-ға жуық. Бизнестің ғылымға сенімі артып келе жатқанын бұдан анық көрсететін дерек жоқ.
Жоғары мектеп: автономия мен халықаралық интеграция
- Жақсы, енді ЖОО-лар туралы айтып кетсеңіз. Рейтингтерде көтеріліп жатырмыз дейміз, бірақ бұл шын бәсекелестік пе, әлде көрсеткіш үшін жарыстар ма?
- Рейтинг деген бұл, бір көрсеткіш қана, жүйелі жұмыстар мен жетістіктердің болып жатқаны анық. Конституциялық кепілдіктер ЖОО-лардың дербестігін кеңейтіп, олар нарық сұранысына жедел жауап бере бастайтын болады. Мысалы «Жаңа мамандықтар атласы» негізінде бағдарламалар құрылуда, бұндай нәрсені елестетудің өзі бір бес жыл бұрын мүмкін емес еді.
QS World University Rankings 2025/2026 тізімінде 20-дан астам қазақстандық ЖОО бар. ҚазҰУ - 163, ЕҰУ - 321, Satbayev University 405-тен 331-і орынға орналасты. Бұл көрсеткіштер үшін ғана жарыс ғана деп айту қиын, себебі мұның артындағы институционалдық өзгерістер нақты және қыруар табанды еңбек бар.
Халықаралықтандыру жағынан да жетістіктердің орын алып жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер, мысалы Пекин тіл және мәдениет университетінің, City University of Hong Kong-тың филиалдары, Лу Бань шеберханалары ашылды. Бұл шетелдік диплом тарту ғана емес, озық стандарттар мен зерттеу тәжірибесін импорттау. Осы қадамдар Қазақстанды бүкіл Орталық Азия үшін білім беру хабына айналдыруда. Университеттердегі коммерциализациялау кеңселерінің қалыптасуы да маңызды, бұл дегеніңіз ғылыми нәтижелерді нарыққа шығарудың университет деңгейіндегі институционалдық тетігі.
- Академиялық бостандық Конституцияда жазылған. Бірақ іс жүзінде бюрократия мен әкімшілік қысым бәрін бұзып тастамайды ма?
- Тәуекел бар, мойындаймын. Бірақ заңдық қорғаныш пен Атазаңның құқықтық күші бұрынғыдан мықты. Конституцияда ғылыми шығармашылық бостандығы жазылған, «Ғылым туралы» Заңда да бұл нақтыланған. Ғалымға идеологиялық немесе негізсіз әкімшілік қысым жасау, бұл заң бұзу.
Университет үшін бұл зерттеу бағыты мен оқу траекториясын өзі белгілеу құқығы. 2024 жылғы заң «ғалым» ұғымын ресми бекітіп, этика нормаларын енгізді - зерттеушінің мәртебесі мен кәсіби тәуелсіздігі қорғалды. Мемлекет Web of Science, Scopus базаларына аккредитация алған ғалымдарға ашық қолжетімділікке кепілдік береді. Осы бостандықсыз не дәйексілтеме индексін көтеруге, не әлемдік ғылымға толыққанды қосылуға жол жоқ.
Білім беру мен экономикалық жаңғырту
- Білім беру реформалары экономиканы жаңғырту жоспарларымен қалай ұштасады?
- Байланыс тікелей, тіпті тізбекті деп те айтуға болады. Мысалы білім адами капитал жасайды, адами капитал экономиканы алға жылжытады. 2029 жылға дейінгі Тұжырымдама үздіксіз білім беру, яғни Lifelong Learning жүйесін құруды көздейді. Технологиялық жұмыссыздық, кадрларды тұрақты қайта даярлау қажеттілігі, міне осылардың бәріне жауап.
Экономикалық жаңғырту жаңа құзыретті мамандарды талап етеді, әсіресе қосылған құны жоғары салаларда. Үкімет сараланған гранттар мен жеңілдетілген несиелеу тетіктерін іске қосты. Микробіліктілік пен бейресми білімді тану, азамааттарды еңбек нарығындағы өзгерістерге жылдам бейімдейтін болады. Ғылыми-білім беру консорциумдары кәсіпорындарға зерттеу мен кадр даярлауды тікелей тапсырыс беруге жағдай жасайды, бұл еңбек өнімділігіне тікелей ықпал етеді.
- Технологиялық болашақ туралы айтып кетсек, STEM, IT, Жасанды Интеллектіні дамыту елдің интеллектуалдық әлеуетін қалай нығайтады?
- Бүгін IT мен STEM-сіз цифрлық егемендік жоқ, мұны ешкім дау етпейді. Білім берудің барлық деңгейлерінде жасанды интеллект енгізілуде. 2024 жылдың шілдесінде Президент стартаптар, ғалымдар, студенттер үшін халықаралық ЖИ орталығы - Alem.ai құруды жариялады.
IT-білім беру мамандандырылған орталықтар мен Лу Бань шеберханалары арқылы дамуда - робототехника, заттар интернеті, дрондарды басқару бойынша кадр даярланады. Бұл жұмыспен қамту құрылымын өзгертеді: жастар біліктілігі төмен еңбектің орнына жоғары технологиялық стартаптарға бағытталуда. ЖИ-ді оқу процесіне кіріктіру оқытуды дербестендіруге жол ашады - бұл 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамаға сәйкес білім сапасын арттырып, қалалық пен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты қысқартуы тиіс.
Қазақстан төртінші өнеркәсіптік революцияның «кетіп бара жатқан пойызына» үлгереді ме деген сұрақ жиі қойылады. Alem.ai, IT-білім беру, мектептен университетке дейін ЖИ-ді енгізу, Қазақстан жай ғана жетіп алуға тырыспай, цифрлық егемендіктің өз платформасын мақсатты түрде құрып жатқанын көрсетеді.
Бірақ мен ерекше атап өткім келетін жоба бар, бұл Ai-Sana жобасы. 2024 жылғы желтоқсанда Президент тапсырмасымен іске қосылған, біздің «Ғылым қоры» АҚ операторлығымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық бағдарлама. Осы уақытқа дейін 668 мыңнан астам студент ЖИ бойынша базалық оқытудан өтті, бұл елдегі барлық ЖОО студенттерінің басым бөлігі. 93 университеттің оқу бағдарламаларына ЖИ пәндері міндетті болып кірді, 3 мыңнан астам оқу бағдарламасы жаңартылды.
Ai-Sana жобасы тек оқыту ғана емес. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады: базалық дағдылар, дайындық, алдын ала акселерация және толыққанды акселерация. Түпкі нәтижесі ретінде 1500 DeepTech стартап құру. Мазмұндық жағын Stanford білім беру магистратурасының бұрынғы басшысы Пол Ким әзірлеген, технологиялық серіктестер әлмеге танымал Coursera, Huawei, Google, NVIDIA компаниялары. Huawei-мен ғана 48 университетте ICT Academy ашылды, 175 мыңнан астам студент сертификатталды. Satbayev University-ге 10 петафлопстық ATLAS 900 AI кластері жеткізілуде, бұл аймақтағы ең қуатты есептеу инфрақұрылымы.
Тағы маңызды мәселе, бұл қаржыландыру мәселісі. «Ғылым қоры» Сауд Арабиясының NDTP-мен бірге 100 миллион долларға дейін DeepTech венчурлық қорын құру жөнінде келіссөздер жүргізуде. Университеттерде қазірдің өзінде 211 стартап құрылды, 9 ЖИ-агент жұмыс істейді. Мысалы, Есенов университетінде чат-бот call-центр жүктемесін 75%-ға азайтты. 2030 жылға дейін 1 миллион адамды ЖИ құралдарына оқыту жоспарланған. Аталмыш бағдарлама, Қазақстанның цифрлық егемендігінің тек декларация емес, нақты тетікке айналғанының тірі дәлелі.
- Қазақстанның Орталық Азияның аймақтық ғылыми орталығына айналу мүмкіндігі қандай?
- Мүмкіндік жоғары, себебі бәсекелестер әлі жоқ. Орталық Азияда Қазақстан ең дамыған білім инфрақұрылымына ие, бұл факт. Қытай, Ресей, Еуропа мен АҚШ-тың жетекші ЖОО филиалдарын ашу көрші елдер студенттері үшін тартымды орта жасайды.
Нақты қадамдар: ұлттық университеттер базасында ғылыми-білім хабын дамыту, диссертациялар өнеркәсіптің нақты тапсырмасына жазылатын «индустриалды PhD» жүйесін қалыптастыру. Қазақстан индекстелген журналдардағы жарияланым саны бойынша аймақта көшбасшы - 2029 жылға 65-ші орынды алу мақсаты қойылған. ЭЫДҰ-ға мүшелік, халықаралық салыстырмалы зерттеулерге қатысу - қазақстандық стандарттардың әлемдік деңгейге сәйкес екенін растайды. Коммерциализациялау бағытында қазақстандық жобалардың 11 елге экспорттауы аймақтық ғылыми хаб мәртебесін нығайтады.
- Жанбота мырза, сөз соңында болашаққа болжам жасап көрсек?! 2040 жылға қарай қандай дағдылар қажет болады, «Адал азамат» тұжырымдамасы бұған қалай ұласады, және реформалар табысты жүрсе, еліміз дамудың қандай деңгейіне жетуі мүмкін?
- Қазақстанның постиндустриялық экономикалы жоғары технологиялық мемлекетке айналуына мүмкіндік толық бар. Болжам бойынша, кемінде үш ЖОО жаһандық Топ-100-ке кіретін, 20+ әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерінің тұрақты желісі бар ел болады деп сенемін.
Ғылым ЖІӨ-нің басты драйверіне, инновациялық өнімнің экспорттағы үлесі шикізат үлесінен жоғары болған жағдайына жетеміз деп ойлаймын. Қазақстан бүкіл Еуразиядан таланттарды тартып, миллиардтаған долларға білім қызметін экспорттайтын, басты жетістік жоғары білім мен ғылыми жетістіктер ұлттық мәртебе мен әрбір адамның табысының негізі болатын «білім қоғамын» қалыптастырған жетекші мемлекет болады.
Мамандықтар бойынша, қатаң дағдылар, мысалы программалау, бухгалтерия, тіпті заңгерлік секілді мамандықтар 3-5 жылда ескіреді деп ойлаймын. Сондықтан білім жүйесі сыни ойлау, бейімделгіштік, цифрлық сауаттылық, эмоционалдық интеллект секілді мета-дағдыларға бұрылуда. Білім, ғылым, инновация бір шатырдың астындағы «4.0 университеттері» моделі жетіліп келеді. 2040 жылға әрбір үшінші, төртінші қазақстандық үздіксіз оқудың қандай да бір нысанына тартылып, пәнаралық топтарда жұмыс істей білетін, ЖИ арқылы күрделі жүйелерді басқара алатын маманға айналады деп үміттенемін.
Бірақ дағды жалаң болмауы тиіс, оның астында құндылықтар жүйесі жатуы керек. «Жаңа Қазақстанның» бірегейлігі адал еңбек, білім, азаматтық жауапкершілікке тіреледі. Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы барлық мектептер мен ЖОО-лардағы тәрбие бағдарламасына енгізілуде. Мақсат шет тілдерін меңгерген, технологияны түсінетін, сонымен қатар ұлттық мәдениет пен тарихты терең түсіне алатын мамандар тәрбиелеу. Жаһандық өзгерістер дәуірінде әлеуметтік ұйысуды сақтау үшін осы тепе-теңдік аса қажет.
Ал Жаңа Конституция осы жолдың заңдық іргетасын қалыптастыратыны сөзсіз.
Сараптамалық сұхбат
Жанбота Қарашолақов, «Ғылым қоры» АҚ Технологияларды
коммерциализациялау департаментінің директоры