Ақын, қоғам белсендісі Мақсұт Таңжарықұлы қазақ есімдерінің маңызы туралы пікір білдіріп, ата-аналарды балаларға қазақы ат қоюға шақырды, деп жазды Аlash.kz.
Ол өз жазбасында марқұм ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийтің есімдер туралы айтқан ескі мысалын еске алып, әр халықтың өз болмысына сай есімдері болуы керек екенін айтты.
Мақсұт Таңжарықұлының пікірінше, есім – ұлттың коды мен мәдени болмысының бір бөлігі.
– Қазақта әдемі есім өте көп. Табиғатқа қарасаң да жетеді: Таңатар, Таңсұлу, Айсұлу, Айжарқын, Айдын, Күнсәуле. Жер-су атауларынан да алуға болады: Тараз, Арыс, Балқаш, Іле, Ертіс, Ұлытау, Алтай, – деп жазды ол.
Сонымен қатар автор батыстық немесе арабша нұсқадағы есімдердің орнына қазақы қалыпқа бейімделген атауларды қолдануды ұсынды.
– Исмаил емес – Смайыл, Мухамед емес – Махамбет, Хадидже емес – Қадиша деген секілді қазақы нұсқалары бар, – дейді ол.
Жазба соңында ақын қазақ тілінің байлығын айта отырып, қоғамды ұлттық есімдерге көбірек мән беруге шақырған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл пікірге қатысты әртүрлі көзқарас білдіріп, бір бөлігі ұлттық есімдерді қолдаса, енді бірі әр адамның балаға ат қоюдағы таңдауы жеке мәселе екенін айтуда.