Қызылорда облысында 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты оның 15 жастағы туған інісі қылмысқа күдікті ретінде қамауға алынды, деп жазады Alash.kz.
Жаңақорған ауданында жергілікті су құбыры құдығынан Мейіржан Рүстем есімді азаматтың мәйіті табылды. «Информбюро» бағдарламасында жария болғандай, марқұм 30 мамыр күні үйінің ауласына төсек салып жатып, таң ата ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Бір тәуліктен соң табылған денеде көгерген дақтар мен мойнында жіптің іздері анықталды. Тәртіп сақшылары бұл қылмыс бойынша марқұмның кәмелетке толмаған інісін тұтқындағанымен, бір ұлынан айырылып, екіншісін арашалай алмай отырған ата-ана бұл шешімге түбегейлі қарсы.
Марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева ұлының денесін көрген сәтін баяндап, қылмысты бірнеше адам жасаған деп есептейді:
«Сыртында ала көрпесі бар. Сол көрпеге тұншықтырған, ол бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақ тұрды. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше алысқан ғой 2-3 адаммен. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр».
Қаралы отбасы тепсе темір үзетін ағасына мектеп оқушысының шамасы жетпейтінін айтады. Шарасыз ата-ана бұл қайғылы жағдайды бұған дейін үйден жиі ақша ұрлап жүрген белгісіз тұлғалармен байланыстырып отыр.
Марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев полицияның тергеу бағытына қатысты наразылығын былай деп жеткізді:
«Үйде ақша ұрланып жатыр дедік. Екі күн бұрын қатар ақша ұрланса да, үйде ақша қай жерде тұрды деп те ешкім сұрамайды. Түнде үште күдікті жүрген деп айтасың, оны іздемейді. Айналып келіп кішкентай балаға жабысып тұр ғой. Не істерімізді білмей қалдық. Баламның қайғысы жайына қалды. Қайғымыз мына бала болып кетті. Бұл балаға бір бәле қылып іліп жібере ме қорқып отырмыз».
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамаларды тағайындады.
Қызылорда облыстық ПД тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов істің барысы туралы ресми мәлімдеме жасады:
«Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қолданылуда».
Қанды қылмыстың нақты себептері әлі де беймәлім. Жергілікті полицияның жұмысына көңілі толмаған ата-ана ендігі кезекте әділдік іздеп, Ішкі істер министрлігіне шағымданбақ.