Қытай Тайваньның шығысындағы теңіз аймағында арнайы операция бастағанын мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Бейжің бұл шешімнің қабылдануын Жапония мен Филиппиннің Қытай өз юрисдикциясына жатқызатын теңіз аумағын межелеу жөніндегі келіссөздерді бастауымен байланыстырды.
Қытай билігінің өкілдері мұндай келіссөздер Қытайдың қатысуынсыз жүргізілмеуі тиіс екенін айтып, Жапония мен Филиппиннің әрекеттерін өз мүдделеріне қайшы қадам ретінде бағалады.
Осыған байланысты Қытай теңіздегі арнайы операцияны бастап, оның негізгі мақсаттарын атады:
- ұлттық мүдделерді қорғау;
- шалғай теңіз аймақтарындағы патрульдік бақылауды күшейту;
- кеме қатынасын қадағалау мүмкіндіктерін арттыру.
Қытай тарапы бұл шаралар елдің теңіздегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Азия-Тынық мұхиты аймағындағы геосаяси шиеленісті күшейтуі мүмкін. Әсіресе Тайвань маңындағы теңіз кеңістігінде соңғы жылдары әскери және саяси белсенділік артып келеді.