Украина президенті Владимир Зеленский ағымдағы жылдың маусым және шілде айлары Киев пен Мәскеу арасындағы ықтимал келіссөздер процесі үшін шешуші кезең болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Бұл туралы Зеленский Таллинн қаласында Эстония президенті Алар Кариспен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында айтты. Украина жетекшісі алдағы халықаралық кездесулердің маңыздылығына тоқталып:
«Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ, Жетілік тобы және НАТО деңгейіндегі саммиттерден бәріміз күтетін келіссөздер мен шешімдерге дайын болуымыз керек. Осы жылдың маусым және шілде айлары көп нәрсені айқындауы мүмкін», — деп атап өтті.
Сонымен қатар, БАҚ беттерінде Зеленскийдің АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және америкалық көшбасшының күйеу баласы Джаред Кушнермен телефон арқылы байланысқаны туралы ақпарат пайда болды. Украина президенті бұл келіссөздердің өткенін растап, оны жоғары бағалады. Ол бұл дидарласуды «өте позитивті» деп атап, Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтату мақсатында «дипломатияға серпін беруге» әрі бірлесе белсенді әрекет етуге әзірлік танытқан сұхбаттасушыларына ризашылығын білдірді.
Бұған қоса, осыған дейін Владимир Зеленскийдің ресейлік кәсіпкер Роман Абрамович арқылы Владимир Путинге кезекті хатын жолдағаны белгілі болды.