Түркістан облысында мас күйде көлік тізгіндеген мектеп мұғалімі үйдің қоршауын бұзып өтіп, аулада отырған жүкті келіншек пен екі баланы қағып өлтірді. Тағы үш адам әртүилі жарақаттар алған, деп хабарлайды Alash.kz.
Арыс ауданындағы үйлердің бірінің ауласында балаларымен бірге алаңсыз отырған тұрғындарды жоғары жылдамдықпен келген автокөлік кірпіш қоршауды бұзып барып қаққан. Оқиға куәгерлері мен қаралы отбасы мүшелерінің айтуынша, көлік рөлінде болған Адамбек мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі ішімдікке сылқия тойып алып, тәртіп сақшыларынан қашып келе жатқан. Апат салдарынан балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істейтін 30 жастағы жүкті келіншек, оның екі жасар ұлы және көршісінің бес жасар қызы қайтыс болды.
Марқұмның туысы Ғани Айдаров оқиға орнындағы сұмдық жағдайды және күдіктінің мас болғанын былай деп айтып берді:
«Машина соққан келіп. Топырақтың астынан тауып алдық кішкентайымызды. Келініміз қораның ішіне кіріп кеткен. Ұшырып жіберген ары қарай. Қатты келді дейді. Баспаған. Тормоз баспаған. Кеше полициялар келді. Тормоздың ізі де жоқ мына жерде. Ішіп алған. Тойып алған. Ол кісі Адамбек мектебінің мұғалімі. Қазақ тілі пәнінен береді. Жиі ішіп тұрады. Ішіп жүргенін де көретінбіз».
Жантүршігерлік жол апаты өзге балалардың көз алдында болғандықтан, олардың психологиялық соққы алғаны айтылуда.
Марқұмның тағы бір туысы Раушан Айдарова жазықсыз жандардың қазасы отбасы үшін орны толмас қайғы екенін жеткізді:
«Балалары өзіміздің есік алдында ойнап жүрген. Енді мен келген кезде айтып отыр анам талып қалды деп. Олар кішкентай балалар. Өз көзімен көріп отыр. Сөйлей алмайтын баласының өзі маған қарай жүгіріп шықты. Балаларының көз алдында болып жатқан сұмдық жағдай. Інім үйдің асыраушысы қауын анау-мынау сатып жүрген. Ол да көрмей кетті ғой енді».
Қазіргі уақытта ауруханада жатқан зардап шегушілердің жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында.
Арыс аудандық орталық ауруханасының дәрігері Айдар Ақбаров науқастардың денсаулық жағдайы туралы келесідей мәлімет берді:
«1 жас 6 айлық бала жансақтау бөліміне ауыр жағдайда түсті. Бас ми шайқалуымен, оң жақ қабырғаларының көптеген жабық сынығы және сол жақ санының жабық сынығымен. 30 жастағы науқас хирургия бөліміне жатқызылды. Орта дәрежелі жағдайда».
Үш адамның өліміне себепші болған 52 жастағы күдікті мұғалім оқиға орнынан қашпақ болғанымен, қазіргі уақытта құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы жағдай бойынша тиісті қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.