Ақтөбеде жоспарлы оқу-жаттығу кезінде парашютпен секіру барысында қайғылы жағдай орын алып, әскери институт курсанты қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері әскери институтының мәліметінше, оқиға 15 шілде күні болған. Жас сарбаз жаттығу кезінде парашютпен секіріп, алайда алдын ала мәлімет бойынша, парашюті ашылмай, ауыр жарақат алған. Ол оқиға орнында көз жұмды.
Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталу үстінде.
Әскери институт пен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы марқұмның отбасына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.