Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Палестиналықтар үшін жиналған 200 миллионды жымқырған": Перизат Қайрат тағы айыпталды

11:45, 16 қараша 2024 519

Қаржы мониторинг агенттігі (AFM) Перизат Қайрат тағы бір заңсыз әрекетін әшкереледі. Ақпаратта Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған қаражатқа қол салғаны айтылды,  - деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Telegram арнада жарияланған ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына жиналған қайырымдылық ақшасын жымқырды деген де күдікке ілінді.

"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алды", - делінген хабарламада.

Қаражаттың бір бөлігі зергерлік бұйымдар алуға кеткені, атап айтқанда, БАӘ-де Rolex, Prada және Fendi брендтерінің бутиктерінен түрлі өнім салып ату үшін жұмсалғаны айтылды.

"Бұл эпизод бойынша Перизат Қ. 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді", - деп толықтырды Қаржы министрлігі.

Еске сала кетейік, 14 қараша күні Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиард жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды.
 
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгелік елорданың премиум санаттағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлау ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.

Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталар жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

Сонымен қатар тараған ақпаратта:

Егер Сіз Перизат Қайраттың алаяқтық әрекетінің құрбаны болған болсаңыз, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10 мекенжайы бойынша Қаржы мониторингі агенттігіне немесе +7 (7172) 70-84-78 телефоны арқылы хабарласуыңызды сұраймыз, - делінген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар