Өткен жылдың 14 қарашасында Жетісу облысы, Жаркент қаласында орналасқан №74261 әскери бөлімінде ауыр оқиға орын алды. Инженерлік қызметтің бастығы, капитан Дархан Дәулет кісі қолынан қаза тапқан еді. Бір жылға жуық уақыттан кейін марқұмның әкесі Нұрлан Мақаев ұлының әскери саладағы заңсыздықтарға қарсы шыққаны үшін құрбан болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы Qazaq AIRAN YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
26 жасында өмірден өткен Дархан Дәулет Құрлық әскерлерінің әскери институтын үздік бітіріп, Қордай ауданы, Отар ауылында бес жыл қызмет атқарған. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң туған ауылына оралып, шаруашылықпен айналысуды жоспарлағанымен, әскери құрылымдағы түрлі былықтар туралы жиі айтатын көрінеді.
Әкесінің айтуынша, әскери бөлімдерде жанар-жағармай мен техникалық сұйықтықтардың жетіспеуі офицерлердің өзіне жүктеліп, шығын жалақыларынан өндірілген. Дархан мұндай заңсыздықтарға үзілді-кесілді қарсы болған. Жаркентке ауысқаннан кейін де ол құжаттарға қол қоюдан бас тартып, күмәнді әрекеттерді әшкерелеген.
"Ұлым қызметке келгеніне екі-ақ ай болған. Жанар-жағармай мен әскери жабдықтарға қатысты құжаттарға қол қоймаған. Сол үшін жанжал шыққан. Бір топ адам жабылып, ұрып-соғып, қол-аяғын байлап, қараусыз жерге тастап кеткен. Сарбаздар бәрін терезеден көргенімен, ешкім араша түспеген. Кейін оқиғаны "өз-өзіне қол жұмсаған" етіп көрсетпек болған", – дейді марқұмның әкесі.
Оның сөзінше, сот процесінде көптеген әскери қызметшілер шындықты жасырған. Куә ретінде шақырылғандардың басым бөлігі «көрмедік, естімедік» деп жауап берген, тек бірнеше сарбаз ғана шындықты ашық айтқан.
Қылмыстық іс бойынша 1988 жылы туған майор Дархан Қазтай және жас сарбаздар – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы мен Аят Шакир кінәлі деп танылды. Сот үкіміне сәйкес, Қазтай 15 жылға бас бостандығынан айырылып, офицерлік шенінен айырылды. Ал Бақберген Рустамұлы мен Аят Шакирге 12 жыл, Нұрман Әбсадыққа 10 жыл жаза кесілді.
Алайда марқұмның әкесі бұл жазаның тым жеңіл екенін айтып отыр.
"Кемінде 20 жылға бас бостандығынан айыру керек еді", – дейді ол.
Айта кетейік, Дархан Дәулет бұған дейін Арыс пен Тараздағы жарылыстардың салдарын жою жұмыстарына қатысқан. Капитан шенін алғаннан кейін Жаркент гарнизонында қызметке кіріскен, алайда екі ай өтпей қапыда қаза болды.