Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтбаевтың денсаулығына байланысты англиялық футбол ортасында алаңдаушылық туындап, «Бёрнли» клубының ойыншысы 2026 жылы ұлттық құраманың алдағы ойындарына қатыспайтын болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Англиялық журналист Мэтт Скрэфтон 18 жастағы қазақстандық футболшының ұлттық құрамаға шақырылмағанына назар аударып, оның жағдайына алаңдаушылық білдірді. Бұған дейін жас шабуылшы «Линкольн Сити» клубына қарсы кездесуден кейін қайтадан магниттік-резонанстық томографиядан (МРТ) өткен болатын. Тексеру нәтижелерін өзара талқылаған «Челси», «Бёрнли» және Қазақстан ұлттық құрамасының медициналық штабтары жас футболшының денсаулығына қауіп төндірмеу туралы ортақ маңызды шешім қабылдады. Осының салдарынан Дастан Сәтбаев Қазақстан құрамасының 13 және 16 қараша күндері өтетін Ұлттар лигасындағы матчтарына қатыспайды. Сонымен қатар ол Портсмутқа қарсы ойын алдындағы баспасөз мәслихатына да қатыспайтыны белгілі болды.
Англиялық журналист Мэтт Скрэфтон әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бұл жағдайға қатысты төл сөзінде былай деп жазды:
— Дастан Сәтбаев Қазақстан құрамасының алдағы матчтарына шақырылған жоқ. Портсмутқа қарсы ойын алдындағы баспасөз мәслихаты да болмайды. Сондықтан оның тағы da жарақат алған-алмағанын білу үшін ертеңге дейін күтуге тура келеді.
Айта кетейік, бүгін, 31 қазанда «Бёрнли» өз алаңында Чемпионшиптің 13-туры аясында «Портсмутты» қабылдайды. Астана уақытымен сағат 20:00-де басталатын бұл кездесуде отандасымыздың алаңға шығу-шықпауы әзірге беймәлім. Қазақстандық жанкүйерлер жас таланттың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, ең бастысы оның толық сауығып, жасыл алаңға аман-есен оралуын тілеп отыр.