Шығыс Қазақстан облысында заңсыз аң аулау дерегі бойынша көрші елдің тоғыз азаматы ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Полиция қызметкерлері жүргізген арнайы шаралар барысында күдіктілер мінген үш жол талғамайтын көліктің ішінен аңшылық мылтықтары мен оқ-дәрілер (патрондар) тәркіленді. Анықталғандай, көрші мемлекеттен арнайы шекара асып келген 9 азаматқа жергілікті тұрғын қолдау көрсетіп, аңшылықты ұйымдастыруға көмектескен. Тіпті ол шетелдіктерге өзінің қаруын да ұстатып қойған.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ұсталғандардың жабайы қабанды атып алып, оны ұялы телефон таспасына түсіріп мәз-мейрам болып жүргені анық байқалады.
Орын алған оқиғаға байланысты Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады:
Тексеру барысында шетел азаматтары тарапынан көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталған жоқ. Барлық қатысушылар азаматтығына қарамастан, заң алдында бірдей жауапты. Әрбір азаматтың әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі. Кінәлілер заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады. Тергеу жалғасып жатыр.