Ресейде 33 жыл бойы жұмыс істеген «Новая газета» басылымы ресми түрде қызметін тоқтатты, деп жазады Alash.kz.
Бұл елдегі билікті ашық сынап, тәуелсіз ақпарат таратып келген соңғы басылымдардың бірі еді.
БАҚ саяси және әлеуметтік мәселелерді сын тұрғысынан жариялап отырды. Алайда Мәскеу оны «шетелдік агент» деп таныған. Бұл туралы The Telegraph басылымына сілтеме жасаған УНИАН хабарлады.
Басылымның бас редакторы Сергей Соколов редакция арнайы қызметтердің қысымына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған дейін журналистерге қатысты қылмыстық істер қозғалып, редакция қызметкерлері ұсталған, сондай-ақ тінту шаралары жүргізілген. Атап айтқанда, журналистердің бірі ұсталып, басылым редакторларының бірінің үйіне тінту жасалған.
«"Новая газетті" өлтірді... 9 қарашада біз 30 жыл өмір сүрген үйіміздің жарығын өшіреміз. Серверлерді сөндіріп, кетеміз. Олар жиналып үлгеруге де уақыт бермей, бізді жай ғана қуып жатыр. Анна Политковская музейі жабылады, ал қаза тапқан достарымыздың портреттері қабырғадан алынады», – деді Сергей Соколов.
Басылымның бұрынғы бас редакторы Дмитрий Муратов та жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, газет іс жүзінде жойылып, сөз бостандығына қатысты конституциялық құқықтар да бұзылған. Анна Политковская алаңында орналасқан редакция кеңсесі де жұмысын тоқтатпақ.
Бұл оқиға Кремльдің тәуелсіз ақпарат құралдарына қатысты қатаң саясатының жалғасы ретінде бағаланып отыр. 2022 жылдың көктемінде цензураға қатысты заңдар қабылданғаннан бері Ресейде 30-ға жуық тәуелсіз БАҚ жұмысын тоқтатқан.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин «Ресей – Африка» форумында сөйлеген сөзінде Еуропа елдері Ресеймен соғысқа дайындалып жатқанын мәлімдеген болатын.