Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей Президенті Владимир Путинмен жолығып, ең күрделі мәселелерді, соның ішінде аумақтық статусты да талқылауға әзір, деп хабарлайды Alash.kz.
Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибиға финдік Helsingin Sanomat басылымына берген сұхбатында Норвегия Премьер-министрі Йонас Гар Стёре мен Финляндия Президенті Александер Стуббтың Владимир Путинмен жасаған телефон арқылы сөйлесуі Киевпен толықтай үйлестірілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл қадам бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы ілгерілеушілік болып табылады. Украина сыртқы саясат ведомствосының басшысы бұл туралы өзінің ресми сөзінде былай деді:
— Біз бұл соғысты аяқтағымыз келеді. Бейбіт процестерді жеделдету үшін барлық арналарды пайдалануымыз керек. Бұл қоңырауды дәл осы контекстте түсінген жөн, — деп атап өтті Андрей Сибиға.
Украина СІМ өкілдерінің түсіндіруінше, еуропалық көшбасшылар Кремльге екі негізгі пункттен тұратын тікелей жолдау жеткізген. Олардың қатарында атысты тоқтату талабы мен Зеленский және Путиннің тікелей кездесуін ұйымдастыру ұсынысы бар. Министр Сибиға украин тарапының бұл кездесуге толық дайын екенін, өйткені тек жоғары деңгейдегі диалог қана келіссөздерге жаңа қарқын бере алатынын баса айтты. Мұндай жоғары деңгейдегі жүздесуде Зеленский жерлердің мәртебесі сияқты өте нәзік әрі күрделі тақырыптарды да қозғауға ниетті. Десе де Киев өкілдері мемлекет басшыларының жеке кездесуі Мәскеуде, Беларусь аумағында немесе Солтүстік Кореяда өтпейтінін, бұл үш орыннан басқа кез келген локацияда кездесу ұйымдастыруға болатынын ескертті.
Параллельді түрде еуропалық баспасөзде Путиннің Финляндия мен Норвегия басшыларымен әңгімесінің егжей-тегжейіне қатысты қызу дау туындады. Британдық Financial Times басылымының хабарлауынша, сөйлесу 30 минутқа жоспарланғанымен, Ресей басшысының «славяндар тарихы» туралы лекция оқуына байланысты ол бір жарым сағатқа созылып кеткен. Алайда Норвегия Премьер-министрі Йонас Гар Стёре бұл ақпаратты теріске шығарып, Financial Times-тан теріске шығару материалын жариялауды талап етті және әңгіменің тек 2014 жылдан бергі Еуропадағы оқиғалар төңірегінде болғанын мәлімдеді. Шезкеде Financial Times редакциясы өз дереккөздері мен журналистика стандарттарына адал екенін айтып, бұл талаптан бас тартты.