Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Құрылтайға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған.
Президенттің бастамасына қатысты пікір білдірген Құрылтай депутаты Айдос Сарым ауқатты азаматтарға салынатын салықты арттыруды қолдайтынын жеткізді.
Депутаттың пікірінше, мұндай қадам бюджет кірісін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
«Ауқаты жақсы, бақуатты азаматтарға айтып отырмыз: «Қарапайым азаматтар, жалақысы, пенсиясы төмен азаматтар алып жатқан жеңілдіктерден өздеріңіз бас тартыңыздаршы» деген әңгіме жүріп жатыр. Көптеген ірі кәсіпкерлер, мемлекет қызметкерлері өздері ерікпен бас тартып жатыр, «мені ана қызметтен алып тастаңыздаршы». Қазір енді бұл заң күшіне айналса, бұл енді әділдік орнау деп отырмыз ғой. Сол сияқты да белгілі бір салалар бар. Белгілі бір бизнес түрлері бар. Біз кезінде ұсынғанбыз. Мысал үшін, алтын, бриллиант сияқты басқа да салалар бар. Онда айтқан, бұл жерде біздің отандық кәсіпорындар бар. Біз олардың салығын көбейтетін болсақ, онда біздің азды-көпті кәсіпорындарымызға салмақ түседі. Немесе жаңағы біздің азаматтардың көңіл күйін бұзуы мүмкін. Тағы да қайталап айтамын. Президенттің айтып отырғаны да дұрыс. Біз байлық дегенді жатсынбауымыз керек. Оны қорламауымыз керек. Байлықтан ұғым ретінде, феномен ретінде одан қорықпауымыз, қашпауымыз керек екені анық. Бірақ басты мәселе, тағы да айтамын, Әділет мәселесі».
Оның айтуынша, Үкімет салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерді жақын күндері әзірлеп, Құрылтайдың қарауына ұсынады.
«Әрине, тек қана әділет мәселесі емес, мәдениеттің де мәселесі. Мысал үшін, Голландиядағы немесе Бельгиядағы миллионердің саны Ресейден көп, Германиядағы миллионердің саны Ресейден көп. Біреуінің де атын білмейміз. Есесіне Қазақстанның миллиардерінің бәрін жатқа білеміз, Ресейдің миллиардерлерін жатқа білеміз. Той-томалағына қанша жұлдызды, қандай бағамен алып келіп жатқанын білеміз. Оны жұрттың қытығына тиетінін де білеміз. Осының барлығы да белгілі бір дәрежеден асқаннан кейін ізет таныту, мәдениет танытуға әкеп соғады. Өткенде Бельгияның королі келіп кетті. Қасында жүз шақты кәсіпкерлер министр болды. Киімдерді мен назар аудардыңыз ба? Мен ішінен бір керемет алтындатылған костюм көрген жоқпын. Қарапайым күнделікті өмірге киюге ыңғайлы пиджактар, костюмдер. Бұл да байлықтың мәдениеті. Біз бір жағынан асыра сілтеу, мал шашпақ деген сияқты дүниелерді қосымша бір бизнес түрлерін немесе көрсетіліп жатқан қызмет түрлерін салықты көбейтуіміз ықтимал. Бірақ сонымен қатар мәдени жұмыстар жүріп отыру керек сияқты да».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халықтың әл-ауқатын жақсарту және реформаларды жүргізу бағытында маңызды міндеттер жүктеген болатын:
«Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде. Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс. Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек. Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз. Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз».