Қайырымдылық қорына түскен халықтың ақшасын талан-таражға салғаны үшін сотталған Перизат Қайрат қазіргі таңда жазасын өтеп жатқан мекемеде еден жуушы болып еңбек етуде, деп хабарлайды Alash.kz.
Ulysmedia редакциясының ресми сауалына жауап берген Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) комитетінің өкілдері экс-белсендінің түзеу мекемесінде тазалық жұмыстарын атқаратынын растады. Ал онымен бірге сотталған анасы Ғайни Алашбаева әзірге еңбек қызметіне орналастырылмаған. Сондай-ақ ведомство заңнамалық шектеулерге байланысты сотталғандардың жеке ісіне қатысты құпияны сақтау мақсатында олардың алатын жалақы мөлшерін жариялаудан бас тартты.
Еске сала кетейік, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қорын басқарып, 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен отандастарымыз бен Палестина тұрғындарына жәрдемдесу үшін қаражат жинауды ұйымдастырған еді.
Дегенмен, құқық қорғау органдары жүргізген тергеу амалдарының нәтижесінде жиналған миллиардтаған қаржының қомақты бөлігі мақсатсыз жұмсалғаны дәлелденді. Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға, ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұдан бөлек, сот шешімімен олардың мүлкі тәркіленіп, жәбірленуші тараптардың пайдасына 1,582 миллиард теңге өндіру міндеттелді. Кейіннен апелляциялық сот инстанциясы да бұл бастапқы үкімді өзгеріссіз күшінде қалдырды.