Жамбыл облысында 400-ге жуық мал ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz порталы Polisia.kz дерегіне жүгініп.
Жамбыл облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері бірнеше мал ұрлығы дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында олардың осы жылдың шілде-қазан айлары аралығында Байзақ ауданының аумағында болған төрт мал ұрлығы дерегіне қатысы бар екені анықталды.
Сол уақытта қоралардан және жайылымнан жалпы саны 384 бас ұсақ мал қолды болған. Жалпы материалдық шығын 34 млн теңгені құрады. Тергеу барысында полицейлер заттай дәлелдемелер жинап, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алды.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты бірнеше рет аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.