Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Cаяси қысым - ҰҚК қызметкерлері қолымды қайырып, алып кетті»: экс-депутат Тоқаевқа үндеу жолдады

21:00, 30 қазан 2026

Павлодар облысы Май ауданының бұрынғы депутаты Бағлан Зиябеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына видеоүндеу жариялады. Ол сайлау комиссиясына кандидат ретінде құжат тапсыру кезінде қысымға ұшырағанын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.

Экс-депутаттың сөзінше, оқиға 2026 жылдың 27 қазанында болған. Сол күні ол №6 округтік сайлау комиссиясына депутаттыққа кандидат ретінде тіркелу үшін қажетті құжаттарын өткізуге барған. Алайда комиссия қызметкерлері түрлі себептерді алға тартып, өтініш бланкісін беруден бас тартқан.

Атап айтқанда, мекеме өкілдері компьютерлік техниканың жұмыс істемейтінін немесе жүйеге кіру паролін ұмытып қалғанын айтқан.

Бұдан кейін ғимаратта дабыл белгісі қосылып, оқиға орнына өрт сөндіру көліктері келген. Мекеме ішіндегі адамдарды сыртқа шығарған сәтте Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлері Бағлан Зиябековті күштеп ұстап, қолын қайырып, полиция бөліміне жеткізген. Экс-депутат видеоүндеуінде осылай деп мәлімдеді.

Ол 2023 жылы «AMANAT» партиясының өкілімен бір сайлау округінен аудандық мәслихат депутаттығына түсіп, жергілікті тұрғындардың қолдауымен жеңіске жеткенін еске салды.

Бұрынғы депутаттың айтуынша, мәслихатта жұмыс істеген кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сайлаудың әділ өтуі мәселелерін бірнеше рет көтерген.

Бағлан Зиябеков өзіне қатысты болған жағдайды саяси қысым деп бағалап отыр. Оның пайымдауынша, бұл әрекеттер депутаттыққа қайта үміткер болуына және сайлау процесіне қатысуына кедергі келтіруді көздейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар