Семей қаласындағы сот ғимаратының алдында өзін-өзі өрттеп, алған жарақаттарынан көз жұмған ер адамның қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып танылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Абай облыстық соты таратқан мәліметке сәйкес, қайтыс болған азамат Қазақстан Республикасында тұрақты өмір сүрген шетелдік болып танылған. Оның басқаруындағы компания 2020 жылы лизингтік фирмадан бес жүк көлігін (самосвал) сатып алғанымен, олардың құнын толықтай төлеп үлгермеген.
Сол себепті 2024 жылы лизингтік компанияның өкілі (ол да шетел азаматы) тиісті сот шешімінсіз төрт жүк көлігі мен қосалқы бөлшектерді өзімбілемдікпен алып кеткен. Сот бұл өкілді өз бетінше билік ету (самоуправство) бабы бойынша айыпты деп тапқанымен, жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты оны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Оған қоса, бұған дейін техника ақысының толық төленбеуіне байланысты келісімшарттар бұзылғандықтан, сот жүк көліктерін қайтадан лизингтік компанияға қайтару туралы шешім қабылдаған.
Қайтыс болған азамат сот процесі барысында жоғалған құрал-саймандары, қосалқы бөлшектері мен бесінші жүк көлігін қалпына келтіру жұмыстары үшін 19,9 миллион теңге көлемінде азаматтық талап арыз берген болатын. Дегенмен сот айғақтар мен дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты бұл талап арызды қараусыз қалдырып, бұл талаптарды азаматтық сот өндірісі тәртібімен қайта қою құқығын түсіндірді.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 30 қазанда сағат 17:00 шамасында Семейдегі сот ғимаратының алдында орын алды. Өзін-өзі өртеген ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта аталған адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.